Қарағандылық тау-кен құтқарушылары шахтадағы қауіпті жағдай туралы шындықты айтты
Қарағанды облысының тау-кен құтқарушылары қайғылы оқиға болған күні тағы бір апаттың алдын алған. Бұл туралы олар әлеуметтік желілерде жарияланған бейнематериалда айтады, деп хабарлайды Kazinform.
«Біз ол жерге сағат 4-те бардық (апат сағат 2:33-те болды - ред.). Бізді жарылыстан кейінгі жағдайды барлауға жіберді. Не болды, жағдай қандай, тағы басқасын анықтауға. Қарап жүрген кезімізде өрт ошағына тап болдық. Өрт сөндіргіш тауып алып, сөндіруге кірістік. Апаттық учаскедегі бірінші қиындық улы газ таралуы және судың жоқтығы болды. Жарты сағат су іздеумен жүгірдік. Бұл – бірінші рет болып тұрған жайт емес, яғни мәселе қазір бақылаудың осалдығында», - дейді Вадим есімді құтқарушы.
Айтуынша, олар бір-екі сағат кешіккенде Костенко шахтасында тағы бір жарылыс болуы мүмкін еді.
«Егер шахтада шоғырланған тозаң жарылғанда оның ауқымы өте үлкен болар еді», - дейді ол.
Құтқарушылар қауіпті жағдай туралы ескертулерден кейін шахтадағы өндіріс тоқтатылуы керектігін айтады. Бұрын солай болған, ал қазір учаскелерден байқап, тізіп берген ескертулердің жартысы жоқ болып кететініне қынжылады.
«Біздің бастапқы міндетіміз – жарылыстың алдын алу. Тексеріп қараймыз, бәрін жазып береміз. Бірақ, ескертулердің жартысы жоқ болып кетеді. Неге? Себебі, «Арселор» келісімшартты бұзады деген қорқыныш бар. Біз – тау-кен құтқарушыларымыз, бірақ қазір өзіміздің не істеп, не қойып жүргенімізді, кімге бағынатынымызды білмей қалдық. Жұмысымды қатты жақсы көремін, алайда осы жұмысым үшін ұялатын күйге түстім», - деп күйінеді Александр Григорьев.
Олар «бар мәселе құтқару қызметінің жекешеленіп кетуінде» деп есептейді. Сондықтан да шындықты ашып айтуға бел буған.
Еске салсақ, 28 қазан сағат 2:33-те Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада апат болды. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлағанындай, апат кезінде шахтада 252 адам болған, жер бетіне 205 шахтер шығарылды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі. Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді, сондай-ақ «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.
Шахтадағы өрт фактісі бойынша Қылмыстық Кодекстің 277-бабының 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен апаттың себептерін тергеу және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды. Сондай-ақ, Үкімет «АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізгені және кәсіпорынның меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру туралы келісімшартты рәсімдеу аяқталу үстінде екендігі хабарланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін Қарағанды облысындағы қайғылы оқиға болған жерге барды. Қаза тапқан кеншілердің отбасыларымен және туған-туыстарымен кездесіп, көңіл айтты. Апаттың мән-жайын анықтау, кеншілерді құтқару және зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына шұғыл көмек көрсетуге қажетті шаралар қабылданатынын жеткізді. Шахтада болған апат салдарын жою жөніндегі жедел штаб отырысын өткізді. 29 қазанды жалпыұлттық аза тұту күні етіп жариялайтын Өкімге қол қойды.
Бүгін Костенко шахтасында қаза болған 46 кеншінің аты-жөні жарияланды.