Костенко шахтадасынғы апатқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды - Бас прокуратура

прокурор
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтадағы өрт фактісі бойынша тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, деп хабарлайды Kazinform ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Өткен түнде Қарағанды облысында Костенко атындағы шахтадағы өрт фактісі бойынша тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды (Қылмыстық Кодекстің 277-бабының 3-бөлігі).

Арнайы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды, оның құрамына құқық қорғау органдарының неғұрлым тәжірибелі қызметкерлері мен ТЖМ мамандары енгізілді.

Жергілікті жерде тергеу жұмысын Бас Прокурордың бірінші орынбасары Тимур Тәшімбаев пен ІІМ Министрінің орынбасары Қайрат Сүнтаев үйлестіруде" делінген хабарламада.

Айта кетейік, бүгін таңертең Костенко атындағы шахтада өрт болып, 11 адам көз жұмғанын, әртүрлі дәрежедегі жарақаттармен ауруханаға 18 адам жеткізілгенін жазған едік.

Артынша тағы бес кеншінің денесі табылып, құрбан болғандар саны 16-ға жетті.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Сондай-ақ, Президент Үкіметке «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды

Соңғы жаңалықтар