Қарағанды облысында ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының ұзақмерзімдік байқаушылары өз жұмысын бастады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Кеше Қарағанды облысының әкімдігінде аймаққа президенттік сайлауға бақылау жасау үшін келген ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы миссиясының өкілдерімен кездесу өтті.
None
None

Облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков қонақтарға аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы және сайлау қарсаңында жүргізіліп отырған дайындық жұмыстары туралы айтып берді. Ол заңнамаға сәйкес негізгі жұмысты сайлау комиссиялары жүргізіп отырғанын атап өтті.

«Биліктің атқарушы органдары тарапынан сайлау учаскелерін үздіксіз байланыс, электр энергиясы және сумен қамтамасыз ету, негізгі және резервтік қуат көзімен, сондай-ақ қажетті құралдармен жабдықтау бойынша шараларды атқарды. Сайлау құқығына ие азаматтардың тізімдерін құрастыру және оның дұрыстығын тексеру жұмыстары өткізіліп отыр», - деді Н.Әбдібеков.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта облыста 815 мыңнан астам сайлаушы бар. Облыс әкімдігінің сайтында жаңартылған мәліметтер базасы қолжетімді, онда ниет білдірген әрбір адам өзінің және отбасы мүшелерінің сайлаушылар тізімдеріне енгізілуін тексере алады. Бұдан басқа, үгіттік материалдарды орналастыру, сондай-ақ сайлаушылармен кездесулер өткізу орындары белгіленген.

Н.Әбдібеков халықаралық байқаушылардың кеңестерінің маңыздылығын атап өтті.

«Біз Қарағанды облысында жұмысқа кірісіп отырмыз. Бұл жерде сайлау өтетін күні - 26 сәуірге дейін және одан кейін бірнеше күн боламыз. Қазақстан бойынша ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының атынан ұзақмерзімді байқаушылардың 14 тобы жұмыс істеуде. Сайлауға бірнеше күн қалғанда келетін тағы 400 қысқамерзімдік байқаушылардың болатыны күтіліп отыр. Біз Қарағанды облысында 8-10 команда (қысқамерзімдік байқаушылар) болатынына үміттенеміз», - деді ұзақмерзімдік байқаушы Стэлла Хеллиер (Ұлыбритания).

Ол миссия өкілдерінің сайлау процесіне еш араласпай, тек бақылау жасайтынын атап өтті.

«Бізде аралық есеп беру болады. Алдын ала мәлімдеме сайлаудан кейін екінші күні, 27 сәуірде жасалады. Соңғы есеп миссия жұмысы аяқталған соң шамамен екі айдан кейін беріледі», - деп хабарлады С.Хэллиер.

Оның айтуынша, ол байқаушы ретінде 18 елде жұмыс істеген, соның ішінде Қазақстанда Парламент сайлауы кезінде болған.

«Қазақстанға бірінші келуім деп айтуға болады, Бұл менің елдеріңізде байқаушы ретінде бірінші тәжірибем», - деп қосты Синиша Бэнсун (Босния және Герцеговина).

Миссия өкілдері облыстың бүкіл аймақтарына бармақшы. Олар сайлау учаскелеріне, сондай-ақ ҚР Президенттігіне кандидаттардың штабтарына барады.

«Біз сондай-ақ үкіметтік емес сектор және БАҚ-пен жұмыс істеуге қызығушылық танытып отырмыз», - деп атап өтті С.Хеллиер.

Соңғы жаңалықтар