Қарағанды облысының әкімі мен Румыния елшісі ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

ҚАРАҒАНДЫ. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев Румыния Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Николае Урекемен кездесті, деп хабарлайды аймақ басшысының баспасөз қызметі.
None
None

Кездесу барысында ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

«Қарағанды облысында татулық пен бірлікте 100-ден астам ұлт өкілдері тұрып жатыр, оның ішінде румын диаспорасы 4000 адамға жуық», - деп атап өтті Б. Әбдішев.

2005 жылдан бастап, облыста «Дакия» румын этномәдени бірлестігі жұмыс жасауда, деп еске салды аймақ басшысы.

Сыртқы экономикалық байланыстарға тоқталған Б. Әбдішев Румыния мен Қарағанды облысының сыртқы сауда айналымы 8,3 млн. АҚШ долларын, оның ішінде экспорт - 2 млн. доллар, импорт 6,3 млн. доллар құрайтындығын айтты. Қазіргі таңда аймақта шетелдік капиталдың қатысуымен 450-ге жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс жасауда.

«Ынтымақтастықты дамытуға зор әлеует болғанына қарамастан, Румыниямен бірде-бір бірлескен жоба жоқ», - деді облыс әкімі. Сонымен қатар, ол елшінің бұл сапары сауда-экономикалық қарым-қатынасты өзара тиімді дамытуға септігін тигізетіндігіне сенім білдірді.

Н. Уреке аймақ басшысына румындардың Қазақстанда, оның ішінде Қарағанды облысында мекендеу тарихын зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқандығын айтты.

Соңғы жаңалықтар