Қарағанды облысының Жыланды ауылында су басқан 6 үй қалды

«31 наурыз күні ҚР ТЖМ-нің ТЖ бойынша комитетінің төрағасы, генерал-майор Валерий Петров, Қарағанды облысының әкімінің орынбасары Андрей Ляпунов және Қарағанды облыстық ТЖД бастығының орынбасары полковник Мұрат Қатпановтың басшылығымен «Қазәуеқұтқару» АҚ-ның тікұшағымен Ұлытау ауданында су басқан аумақтың үстімен ұшып өтті. Қазіргі кезде Жыланды ауылында 6 тұрғын үй мен 6 аула аумағын су басып отыр», - делінген хабарламада.
Ведомствоның ақпаратынша, аула маңындағы аумақтардың шекараларын топырақ үйіп бекіту және су баспаған учаскелерді нығайту жұмыстары жүргізіліп отыр. «Ұзындығы 4 шақырым жерді топырақ үйіп бекіту үшін 3120 текше метрден астам топырақ жеткізілген», - делінген хабарламада.
Бұдан басқа, Қарағанды облыстық ТЖД жасағының су-құтқару, жедел-құтқару қызметтерінің және Астана қалалық Орталық аймақтық аэромобильдік жедел-құтқару жасағының күшімен суды ені 60-70 см және ұзындығы 100 м ескі арна жаққа бұру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ ТЖД өрт сөндіру қызметінің күшімен судың көшелер мен тұрғын үйлерден сорғылау жұмыстары жүргізіліп отыр.