«Қарағанды жері шабытыма шабыт, қуатыма қуат қосты» - Олимпиада жүлдегері Денис Тен

АСТАНА. ҚазАқпарат- Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен бүгін Қарағанды облысында болды.
None
None

Атақты спортшы ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев бастаған республикалық ақпараттық-насихаттау тобының құрамына енген. «Қарағандыға мен осымен екінші рет келіп отырмын. Өкінішке қарай, соңғы кездері Қазақстанда сирек боламын. Өйткені уақытым жоқ. Әдетте шаруалармен Алматыға немесе Атырауға келіп кетуші едім. Міне қазір, сәті түсіп Қарағандыға да келдім. Өте қуаныштымын. Алда әлі талай кездесулер болады деген үміттемін», - деді Денис Тен Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішевпен кездесуінде. Ал аймақ басшысы өз кезегінде Денис Теннің бұл сапарына ризашылығын білдіріп, қарағандылықтар атынан оны Олимпиаданың жүлдегері атануымен құттықтады. «Сіз бүгін таңертең Теміртауда, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ комбинатында болдыңыз, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс істеген домна пешін көрдіңіз. Бұл сізге алдағы спорттық жолыңызда жаңа күш-қуат береді деген үміттемін, - деді Б. Әбдішев. «Иә, бұл тарихи орын. Әрине, тәнті болдым. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев нағыз еңбектің қандай болатындығын жақсы біледі ғой. Мен Елбасымыздан үлгі алуға тырысамын», - деді Денис Тен. Ол сонымен қатар, Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының экспозициялары да ерекше әсер еткенін жеткізді. «Бұл ерекше өңір, талай спорт өрендері туып өскен жер, - деді Д.Тен, - Қарағанды жері күшіме күш, шабытыма шабыт қосып жатыр!». Бағдарлама бойынша Денис Тен Қарағанды облысында студенттермен және жас спортшылармен кездесу өткізеді.

Соңғы жаңалықтар