Қарағандыда өртке қарсы қызмет қызметкері ұрыны қолға түсірді
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда ТЖБ мемлекеттік өртті бақылау бөлімінің бас маманы өртке қарсы қызмет подполковнигі Дмитрий Голенщев батыл іс-әрекет жасады.
«Оқиға 11 қараша кешке орын алды. Өз үйінің жанындағы гаражға көлігін қоймақшы болған Дмитрий қолында үлкен пакеті бар күдік тудырған ер адамды байқап қалады. Сол кезде-ақ ол бірінші қабаттағы терезенің сынғанын көреді. Қызметкер ұрыға қуып жетіп, оны ұстап, полицейлерге тапсырған», - дейді подполковниктің әріптестері.
Құтқарушы өзін батыр санамайды, ол кез келген азамат осылай жасауы тиіс деп санайды.
«Біздің ауданда ұрлық жиі орын алады. Мен ұрының емін-еркін жүргеніне таң қалдым. Өзін байқап қалғанын сезген ол, қашып кетуге әрекеттенді. Сонда да қуып жеттім. Көрші үйден адамдар арқан әкеліп, оның қолын байладық», - деді Д. Голенищев.
Бұл ұсталған ер адамның бірінші ұрлығы емес екендігі анықталды.