Қарағандылықтар қоғамдық көлік қозғалысын онлайн режимде қадағалай алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағандылықтар қоғамдық көліктің қозғалысын онлайн режимде қадағалауға мүмкіндік алды. Қалаішілік автобустарға GPS бақылау жүйелері орнатылуда, деп хабарлайды astanatv.kz.
None
None

Бұл жаңалық жолаушылардың аялдамаларда сарылып тұруын азайтып, уақыттарын үнемдеуге мүмкіндік береді. Кез келген қала тұрғыны үйдегі немесе ұялы телефондағы ғаламтор желісі арқылы арнайы сайтқа кірсе болғаны, қаладағы барлық қоғамдық көліктің қозғалысын көре алады. Бастаманы жүзеге асырушылар белгілі бір бағытты таңдау, жүру уақыты мен қозғалыс схемасын көрсететін қызметті де енгізіп қойған. Жүйе әзірге қаладағы 10 тасымалдаушы компания мен 400-ге жуық көліктің басын біріктірген.

Әзірге бұл жаңашылдықтың игілігін жастар көбірек пайдалануда. Ал аға буын үшін әр аялдамаға ақпараттық табло орнатылмақшы. Автопарк басшылығы «GPS бақылау жүйесінің жақсылығын іске қосылған бірнеше күн ішінде байқап отырмыз», - дейді. Жүргізушілер мен кондукторлар тәртіпке көбірек көңіл бөлетін болған. Өйткені осы жүйе арқылы автобус бағытының кестесін бұзған жағдайда оны дәлелдеуге де мүмкіндік туып отыр.

«Келесі аптада тағы бірнеше автобусқа GPS қондырамыз. Айдың соңына дейін бұл жұмысты аяқтауымыз керек. Содан кейін аялдамаларға ақпараттық табло орнатуға кірісеміз», - дейді Қарағанды қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімі Жолаушылар көлігі секторының меңгерушісі Азамат Иманбай.

Соңғы жаңалықтар
Референдум