Каракас пен Вашингтон АҚШ-қа мұнай экспорттау мүмкіндігін талқылап жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ пен Венесуэла венесуэлалық мұнайды америкалық мұнай өңдеу зауыттарына экспорттау мүмкіндігін талқылап жатыр. Бұл туралы Reuters агенттігі бес дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.
Ықтимал келісім Қытайға бағытталған өнімді қайта бағдарлауға мүмкіндік беріп, сонымен қатар Венесуэланың мемлекеттік мұнай компаниясы PDVSA-ға өндіру көлемінің одан әрі күрт қысқаруына жол бермеуге көмектесуі мүмкін.
Агенттіктің жазуынша, бұл келіссөздер Венесуэла үкіметінің АҚШ президенті Дональд Трамптың саланы америкалық мұнай компанияларына ашу жөніндегі талабына берген алғашқы жауабы. Бұған дейін Трамп уақытша президент Делси Родригестің АҚШ пен жеке компанияларға Венесуэланың мұнай өнеркәсібіне «толық қолжетімділік» беруін қалайтынын мәлімдеген еді.
Reuters атап өткендей, Венесуэланың қолында танкерлерге тиелген және қоймаларда сақталған миллиондаған баррель мұнай бар, алайда оларды жөнелту мүмкін емес. Бұған Трамптың желтоқсан айының ортасында енгізген тосқауылы себеп болып отыр.
Агенттіктің екі дереккөзіне сүйенсек, АҚШ-қа сатылуы мүмкін тұрып қалған мұнай көлемі жөніндегі ықтимал келісімнің алғашқы кезеңі бастапқыда Қытайға арналуы тиіс болған партияларды қайта бөлуді талап етуі мүмкін.
«Трамп мұның мүмкіндігінше тез жүзеге асқанын қалайды, өйткені ол мұны ірі саяси жеңіс ретінде көрсеткісі келеді», деді агенттіктің мұнай саласындағы дереккөздерінің бірі.
Ақ үй өкілдері, Венесуэла үкіметі мен PDVSA бұл мәселеге қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.
Айта кетейік, Нью-Йоркте БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Венесуэла бойынша шұғыл отырысы өтті.