Нью-Йоркте БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Венесуэла бойынша шұғыл отырысы өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Нью-Йоркте АҚШ-тың Венесуэла басшысы Николас Мадуроны ұстағанына байланысты шұғыл жиын өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Нью-Йоркте БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Венесуэла бойынша шұғыл отырысы өтті
Фото: Анадолы

Қауіпсіздік Кеңесінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің сөзін оның саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Розмари ДиКарло оқыды, деп хабарлады БҰҰ жаңалықтары.

— Мен елдегі тұрақсыздықтың күшеюіне, аймаққа ықтимал әсерге және мемлекеттер арасындағы қарым-қатынаста жасалуы мүмкін прецедентке қатты алаңдаймын, — делінген хабарламада.

Барлығының халықаралық құқықты, оның ішінде халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға негіз болатын БҰҰ Жарғысын толық сақтау қажеттігі атап өтілді.

— Мен 3 қаңтардағы әскери әрекеттердің халықаралық құқықты сақтамағанына қатты алаңдаймын, — деп қосты БҰҰ Бас хатшысы.

Жарғыда кез келген мемлекеттің аумақтық тұтастығына немесе саяси тәуелсіздігіне қарсы күш қолдану арқылы қорқытуға тыйым салатыны атап өтілген.

БҰҰ Бас хатшысы Венесуэладағы барлық мүдделі тараптарды қоғамның барлық топтары өздерінің болашағын анықтай алатын жан-жақты демократиялық диалогқа қатысуға шақырды, «бұл адам құқықтарының толық сақталуын, заңның үстемдігін және Венесуэла халқының егеменді ерік-жігерін білдіреді». БҰҰ Бас хатшысы сондай-ақ «Венесуэланың көршілері мен жалпы халықаралық қауымдастықты ынтымақтастық рухында және бейбіт қатар өмір сүруді ілгерілетуге арналған принциптерге, заңдарға және ережелерге сәйкес әрекет етуге» шақырды.

— Заңның күші үстем болуы керек. Халықаралық құқықта есірткі саудасы, ресурстар туралы даулар және адам құқықтарының бұзылуы сияқты мәселелерді шешуге арналған құралдар бар. Біз осы жолмен жүруіміз керек, — делінген хабарламада.

АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Майк Уолц шұғыл жиында Американың Венесуэладағы әскери әрекетін қорғады, деп хабарлайды CBS News.

— Біз Венесуэлаға немесе оның халқына қарсы соғысып жатқан жоқпыз. Біз елді басып алмаймыз. Бұл ондаған жылдар бойы жасалған заңды айыптаулар шеңберіндегі құқық қорғау органдарының операциясы болды. Америка есірткі сатушыны тұтқындады, ол қазір АҚШ-та 15 жыл ішінде біздің халқымызға қарсы жасаған қылмыстары үшін сотта жауап береді, — деді АҚШ-тың БҰҰ-дағы Елшісі Майк Уолц.

Ресей мен Қытай БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында АҚШ-тың Венесуэладағы әрекетін қатаң айыптап, Венесуэланың биліктен қуылған президенті Николас Мадуро мен оның әйелін АҚШ қамауынан дереу босатуға шақырды, деп жазды WSJ.

— Америка Құрама Штаттарының Венесуэлаға қарсы келеңсіз түрде жасап жатқан қылмысын ақтап алу мүмкін емес, — деді Ресейдің БҰҰ-дағы өкілі Василий Небензя.

Оның айтуынша, Мадуроны тұтқынға алу және оны елден күштеп шығару барлық халықаралық нормаларды бұзып, «АҚШ заңсыздық пен күш үстемдігі дәуіріне» оралудың жаршысы болды. 

Қытайдың БҰҰ-дағы елшісі Сунь Лэй Бейжің американдықтардың Мадуроны басып алуын «қатты айыптайды» деп мәлімдеді. Бұл туралы SCMP хабарлады. Қытай Вашингтонды халықаралық құқықты сақтауға, оның әлемдік полиция мен сот еместігін еске түсіріп, Николас Мадуро мен оның әйелін дереу босатуға шақырды.

— Қытай АҚШ-тың ісіне таң қалып, оның біржақты, заңсыз және агрессивті әрекетін қатаң айыптайды. Кеңестің тұрақты мүшесі ретінде АҚШ халықаралық қауымдастықтың алаңдаушылығын елемеді, ойланбастан Венесуэланың егемендігін, қауіпсіздігін, тәуелсіздігі мен мүдделерін таптады және халықаралық теңдік принциптерін елеулі түрде бұзды, — деді Сунь Лэй.

Ұлыбританияның БҰҰ-дағы уақытша сенімді өкілі Джеймс Кариуки Мадуроның билікке келуі заңсыз деп мәлімдеді.

Ұлыбритания Венесуэла халқының ерік-жігерін көрсететін Венесуэланың заңды үкіметіне билікті бейбіт және қауіпсіз беруді жақтайды.

— Біріккен Корольдік Венесуэла халқының ерік-жігерін көрсететін Венесуэладағы заңды үкіметке биліктің бейбіт және қауіпсіз өтуін қолдайды. Ол халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысында бекітілген қағидаттарға адалдығын растайды. Бұл принциптер халықаралық бейбітшілікті, қауіпсіздікті және құқықты сақтау үшін өте маңызды, — деді Джеймс Кариуки.

Францияның БҰҰ-дағы өкілі Мадуроның Венесуэладағы адам құқықтарын бұзу әрекеттерін қабылдауға болмайтынын атап өтті.

— Николас Мадуроны тұтқынға алуға әкелген әскери операция дауларды бейбіт жолмен шешу, адам құқықтарын қорғау және күш қолданбау қағидаттарына қайшы келеді, — делінген Франция мәлімдемесінде.

Сондай-ақ, «БҰҰ Жарғысын және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері ретінде жауапкершілік жүктелген мемлекеттердің халықаралық құқығын бұзу ұйымның беделіне нұқсан келтіреді. Халықаралық тәртіп, мемлекеттердің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу қағидатын қоса алғанда, Жарғы қағидаттарын бұзу халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті әлсіретеді» делінген.

— Франция БҰҰ Жарғысын және дауларды бейбіт жолмен шешу қағидаттарын сақтауға адал болып қала береді. Біз бұл принциптерді олардың барлық көріністерінде, кез келген уақытта және кез келген жерде қолдауға міндеттіміз, — делінген хабарламада.

Франция бейбіт және демократиялы болуы керек Венесуэла үшін қазір ашылып жатқан өтпелі кезеңде халықтың еркіне құрметпен қарайды. Бұл өтпелі кезең венесуэлалықтардың басшылығымен жүзеге асырылуы керек деп санайды.

БҰҰ мәлімдемесіне сәйкес, Венесуэла ресми түрде кеңес отырысын өткізуді сұрады, оның құрамына тұрақты мүшелер — Қытай, Франция, Ресей, Ұлыбритания және АҚШ, сондай-ақ 10 басқа тұрақты емес мүшелер кіреді.

Еске салайық, Нью-Йоркте өткен алғашқы сот мәжілісінде Мадуро мен оның әйелі өздеріне тағылған кінәні мойындамады.

Соңғы жаңалықтар