Карантин: Жамбыл облысында қандай нысандар жұмысын жалғастырады

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Ағымдағы жылдың 17 тамызынан бастап Жамбыл облысында карантин шаралары кезең-кезеңмен жеңілдей бастайды. Тиісті қаулыға өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Карантин: Жамбыл облысында қандай нысандар жұмысын жалғастырады

Бұл туралы облыс әкімдігінің ресми сайтында жарияланды. Атап айтсақ, облыстан кафелер, мейрамханалар және басқа да қоғамдық тамақтану орындары сағат 11.00-ден 22.00-ге дейін, 30 орыннан аспайтын жазғы алаңдарда және залдар бойынша жұмыс істей алады.

Бұл ретте ұжымдық іс-шараларды өткізуге жол берілмейді.

Қалыпты режимде келесілер жұмыс істейді:

- сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, сауда желілері, жабық базарлар (толымдылығы 30%-дан аспайтын);

- халыққа қызмет көрсету орталықтары;

- бұған дейін бақылау топтарының дайындық актілерін алған нарықтар;

- Азық-түлік емес дүкендер;

- азық-түлік супермаркеттері мен дүкендер;

- автосалондар, автомобильдердің қосалқы бөлшектерін сататын дүкендер;

- дәріханалар, ветеринарлық дәріханалар мен клиникалар;

- ауылшаруашылық жануарларына арналған жем сату пункттері;

- тұрмыстық техника дүкендері;

- теміржол вокзалдары, автостанциялар, автовокзалдар;

- көлік жуу және ТҚС;

- сұлулық салондары, шаштараздар, СПА-орталықтары және косметологиялық қызмет көрсететін басқа да объектілер (алдын ала жазылу бойынша);

- бассейінсіз фитнес-орталықтар, моншалар мен сауналар (50% сыйымдылықпен);

- балаларға арналған түзету кабинеттері, балалар және ересектерге арналған білім беру орталықтары (жазылым бойынша 5 адамнан аспайтын топтар);

- ашық аттракциондар.

Келесі нысандар бойынша шектеулер сақталынады:

- ойын-сауық, спорттық, отбасылық, еске алу, салтанатты және басқа да бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде үйде өткізу;

- барлардың, түнгі және ойын клубтарының, караоке, фуд-корттардың, кинотеатрлардың және басқа да ойын-сауық мекемелерінің жұмысы;

- мәдени нысандар, мұражайлардың қызметі, конференциялар, көрмелер, форумдар өткізу;

бассейндердің, қалалық және қоғамдық жағажайларды қызетіне;

- діни ұйымдар (мешіттер, шіркеулер, храмдар және т.б.);

Айта кету керек, күшейтілген шектеу шаралары демалыс күндері күшіне еніп отырады.

Атап айтқанда, қоғамдық көліктердің, сауда және ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда желілерінің жұмысы тоқтатылады; азық-түлік емес және азық-түлік жабық базарларының; сұлулық салондары, шаштараздар, СПА-орталықтары, косметологиялық қызмет көрсететін объектілер; фитнес орталықтар; монша кешендері мен сауналар; оқу орталықтары, түзету бөлмелері; ашық аттракциондардың жұмысы тоқтатылады.

Жамбыл облысында қандай нысандардың қызметіне рұқсат етілетіні туралы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысынан толығырақ танысуға болады.