Қарашадан бастап Қазақстанда ИКАО стандарттарына сай келмейтін әуе кемелеріне тыйым салынады

АСТАНА.  13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ұшулар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2012 жылғы 1 қарашадан бастап Қазақстанда ИКАО стандарттарына сай келмейтін әуе кемелерін пайдалануға тыйым салынады.

Қарашадан бастап Қазақстанда ИКАО стандарттарына сай келмейтін әуе кемелеріне тыйым салынады

Бұл туралы бүгін Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA - International Air Transport Association) Орталық Азия мен Кавказ өңірінде қауіпсіз және тиімді әуе тасымалдарын қамтамасыз ету мәселелеріне арналған халықаралық форумда ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Азат Бектұров  мәлім етті.

Оның айтуынша, аталған шара нәтижесінде Ан-24 және Як-40 ұшақтарының 20-дан астамы қолданыстан шығарылады. Сонымен қатар, ескі ұшақтарды алмастыру мақсатында қазақстандық әуе компаниялары батыста шығарылған әуе кемелерін сатып алуда. Мәселен, 2011 жылы 8 ұшақ сатып алынды, 2012-2013 жылдары Эйрбас, Боинг және Ембраер типтес 17 әуе кемесін сатып алу жоспарлануда.

ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Азат Бектұров  өз сөзінде Форумның елімізде өткізілуінің ерекше маңызын атап көрсетті. Оның айтуынша, Қазақстанның авиациялық билігі ИАТА-мен ұшу қауіпсіздігін күшейтуде, әуе қызметтерінің сапасын жақсартуда, азаматтық авиация саласына жаңа бизнес-шешімдер мен жаңалықтарды енгізуде ынтымақтастықты одан әрі нығайтады.

Еске сала кетейік, халықаралық форумның мақсаты - Қазақстанның азаматтық авиация саласының өкілдері мен Форум қонақтары арасында тәжірибе, пікір және жаңа технологиялармен алмасу алаңын құру.