Каратэші Софья Берульцева Мәскеу турнирінің үш дүркін чемпионы атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Ресей астанасы Мәскеуде WKF каратэден дәстүрлі Moscow Karate Universe халықаралық жарысы мәресіне жетті.
                                              Қазақстан каратэ федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, биыл 44 мемлекеттен үздік спортшылар жиналған турнирде еліміз құрамасы 1 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды.
Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева 68 келіден жоғары салмақта топ жарып, осымен Мәскеу турнирінде үшінші рет үздік атанды.
Сондай-ақ Әсел Қанай (-61 кг) мен Нұрқанат Әжіқанов (-75 кг) күміс жүлдегер атанса, Қайсар Алпысбай (-60 кг) мен Диас Анарбеков (+84 кг) үздік үштікті түйіндеді.
Осымен төртінші рет өтіп жатқан турнирдің жүлде қоры көбейе түскен. Мәселен, чемпион 5 мың, күміс медаль алғандар 2 мың, қола жүлдегерлер 1000 АҚШ долларына ие болды.
Аталмыш жарыс арқылы ұлттық құрама 2026 жылғы жазғы Азия ойындарына дайындықты бастап кетті.
- Сонымен қатар турнир барысында Қазақстан мен Ресей Федерациясының каратэ федерациясы бірлескен келісім жасасты. Құжатқа Қазақстан каратэ федерациясының вице-президенті Болат Хавлахат пен Ресей каратэ федерациясынның президенті, Дүниежүзілік каратэ федерациясы (WKF) атқару комитетінің мүшесі Сергей Цой қол қойды. Бұл келісім-шарттың мақсаты - 2026 жылғы жазғы Азия ойындарына жоғары деңгейде дайындық жүргізу. Атап айтқанда, екі ел командаларының бірлескен оқу-жаттығу жиындарын жетілдіру, бірлескен жарыстарға қатысуға бағытталған, - деп хабарлады федерациядан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Олимпиада жүлдегері Софья Берульцеваның Азия чемпионы атанғанын жазған едік.