Қаратөбе өңірінің түлегі, жас әнші Т.Жексенбаев «Қазақстан дауысында» бақ сынауда

ОРАЛ. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - Әуелден өнер қонған Қаратөбе ауданының түлегі, жас әнші Таңат Жексенбаев «Қазақстан» ұлттық арнасы ұйымдастырған «Қазақстан дауысы» жобасында бақ сынауда.

Қаратөбе өңірінің түлегі, жас әнші Т.Жексенбаев «Қазақстан дауысында» бақ сынауда

Ол бұдан бұрын да түрлі байқауларға қатысып, көзге түсіп үлгерген болатын. Айталық, 2009 жылы Астана қаласында өткен ха­лық­аралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде эстрадалық жанр бойынша жүлделі ІІІ орын­ға қол жеткізіп, лауреат атанды. Одан ке­йін республикалық жас орындаушылардың «Жас қа­нат» байқауында «Көрер­мендер көзайымы» аталымын иеленді.

«Қазақ­стан дауысы» жобасының іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен Таңат қазіргі кезде белгілі әнші Нұрлан Албанның тобында алдағы сынға дайындалуда. Ол жексенбі күні, 22 желтоқсанда «Қазақстан» ұлттық арнасында кешкісін тікелей эфирден көрсетілетін «Қазақстан дауысында» тағы да өнер сайысына түседі.

Мұның алдында, 15 желтоқсан күні батысқазақстандық тағы бір талантты әнші, Мәдина Сәдуақасованың тобындағы Айнара Айтқалиева суырылып шығып, көрермендердің көп дауысын иеленіп, бірден келесі кезеңге жолдама алды.