Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қараусыз жатқан затты алып кетпес бұрын нені білу керек

АСТАНА. KAZINFORM — Қараусыз жатқан, тіпті айналадағы адамдарға қолайсыздық тудырып тұрған заттың өзі автоматты түрде иесіз мүлікке жатпайды. Оны өзіңіз алып алмас немесе қоқысқа тастамас бұрын, әуелі иесін табуға әрекет жасап, табылған зат туралы тиісті органдарға хабарлау қажет.

Қараусыз жатқан затты алып кетпес бұрын нені білу керек
Фото: Kazinform/ЖИ

Еліміздегі аулаларда жылдар бойы орнынан қозғалмай тұрған көліктерді байқауға болады. Олар шаң басып қана қоймай, топыраққа көміле бастағанымен, автотұрақтағы орнын әлі де алып тұр. Көпқабатты үйлердің кіреберістерінде де осындай жағдай жиі кездеседі. Баспалдақ астында жылдар бойы велосипедтер, ескі балалар арбалары, қораптар, шаналар мен жиһаздар тұрады. Ешкім пайдаланбайды, бірақ ешкім алып кетпейді де.

Мұндай жағдайда тұрғындар, әдетте, екі түрлі әрекетке барады: бірі үйдің ортақ чатында наразылығын білдірсе, енді бірі бір күні әлгі затты үн-түнсіз қоқысқа шығарып тастайды. Мұны адамдық тұрғыдан түсінуге болады. Алайда заң тұрғысынан мұндай әрекет әрдайым қауіпсіз бола бермейді. Себебі тот басқан велосипедтің де заңды иесі болуы мүмкін. Сол сияқты қараусыз қалғандай көрінетін көліктің де иесін анықтау қиын емес.

Неліктен мұндай затты өз бетіңізше алып кетуге болмайды

Зат ұзақ уақыт бойы қараусыз жатқан екен деп, оны бірден иесіз мүлік деп санауға болмайды. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес, иесіз мүлік — меншік иесі жоқ, иесі белгісіз немесе меншік иесі одан бас тартқан мүлік.

Алайда күнделікті өмірдегі «бұл ешкімге керек емес» деген түсінік пен заңдағы «иесіз мүлік» ұғымы екі бөлек нәрсе. Сондықтан бөтеннің мүлкіне өз бетіңізше иелік етуге немесе оны алып кетуге болмайды. Әйтпесе, кіреберісті босатамын деп немесе өзіне қажетсіз көрінген велосипедті алып кеткен адам заң алдында бөтеннің мүлкін иеленген болып шыға келуі мүмкін. Сол себепті мұндай жағдайда затты өзіңіз алып кеткеннен гөрі оның иесін анықтап, мүлкін өзіне алдырған әлдеқайда дұрыс әрі қауіпсіз.

Қараусыз жатқан затты алып кетпес бұрын нені білу керек
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Ал жоғалған немесе ұмыт қалған заттарға қатысты тәртіп өзгеше. Егер заттың жоғалғаны немесе бір жерде ұмыт қалғаны анық болса, оны тауып алған адам иесі белгілі болса, оған хабарлауға, ал иесі белгісіз болса, табылған зат туралы полицияға мәлімдеуге міндетті. Меншік құқығының басқа адамға өтуі заңда белгіленген мерзім өткеннен кейін ғана мүмкін болады.

Заңда иесі әдейі тастап кеткен жылжымалы мүлікке қатысты да арнайы тәртіп қарастырылған. Егер меншік иесінің заттан саналы түрде бас тартқаны анықталса, ол басқа адамның меншігіне өтуі мүмкін. Дегенмен мұнда да заң талаптары сақталуға тиіс. Құны 20 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспайтын заттарға, металл сынықтарына немесе жарамсыз өнімге бір тәртіп қолданылса, ал құны жоғары мүлікті иесіз деп тану үшін кей жағдайда соттың шешімі қажет болады.

Қарапайым тілмен айтқанда, қоқыс жәшігінің жанында тұрған ескі орындық пен аулада жылдар бойы тұрған автокөліктің құқықтық мәртебесі бірдей емес. Біріншісі шынымен тасталған зат болуы мүмкін және оны алып кетуге болады. Ал екіншісі қанша жерден жарамсыз көрінгенімен, мемлекеттік тіркеуде тұрған көлік болғандықтан, заңды иесінің меншігі болып қала береді.

Кіреберістегі велосипед

Кіреберісте қалдырылған велосипедке, балалар арбасына немесе басқа да заттарға табылған зат ретінде қараған дұрыс. Өйткені кіреберіс, баспалдақ алаңдары, дәліздер мен үйдің маңындағы аумақ тұрғындардың ортақ мүлкі болып есептеледі. Сондықтан мұндай жерде тұрған зат оны бірінші болып алып кетуге ниет білдірген адамның меншігіне автоматты түрде айналмайды.

Мұндай жағдайда затты бірден сыртқа шығарып тастауға асықпаған жөн. Ең әуелі оның тұрған жері мен жай-күйін тіркеп алған дұрыс. Тұрғындар затты суретке түсіріп, оның тұрған күнін, орнын және жай-күйін көрсетіп, бұл туралы үйдің ортақ чатына хабарлама жаза алады. Егер үйде МИБ, ПИК немесе басқарушы компания болса, әуелі соларға жүгінген жөн. Кей жағдайда заттың иесі бірнеше сағаттың ішінде-ақ табылады. Себебі ол затты әлі де пайдаланып жүрген болуы немесе жай ғана ұмытып кеткен болуы мүмкін. Алайда иесін табу мүмкін болмайтын немесе оның заттан бас тартып, хабарламаларға жауап бермейтін жағдайлар да кездеседі.

ф
Фото: ІІМ

Заттың иесі табылмаса, бұл туралы полицияға өтініш берген жөн. Өтініште қандай зат табылғанын, оның нақты қай жерде тұрғанын, қанша уақыттан бері сол орында жатқанын және адамдардың жүріп-тұруына, тазалық жұмыстарына немесе қауіпсіздікке кедергі келтіретін-келтірмейтінін көрсету қажет. Сонымен қатар өтініштің қабылданғанын растайтын құжатты, мысалы, жазбаша жауапты сақтап қойған дұрыс.

Одан кейін Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 245-бабының 4-тармағында белгіленген мерзім есептеле бастайды. Егер табылған зат туралы хабарланғаннан кейін алты ай ішінде оның иесі анықталмаса немесе өз құқығын мәлімдемесе, затты тауып алған адам оған меншік құқығын иелене алады. Ал егер затты өзінде қалдыруды қаламаса, ол коммуналдық меншікке өткізіледі.

Аулада тұрған көлік

Ал аулада қараусыз тұрған көлікке қатысты жағдай әлдеқайда басқаша.

Тұрғындар жылдар бойы дөңгелексіз тұрған бір көлікті көріп жүруі мүмкін. Алайда бұл оны бұзып ашуға, эвакуатормен алып кетуге, бөлшектеуге немесе металл сынығына өткізуге болады деген сөз емес. Себебі автокөлік міндетті мемлекеттік тіркеуге жатады. Демек, иесі көптен бері көрінбесе де, оның заңды меншік иесі бар.

Егер көлік ауладағы қозғалысқа кедергі келтірсе, кіреберіске баратын жолды бөгесе, автотұрақ орнын алып тұрса немесе бөлшектелген көлікке тән белгілері болса, мәселені ұжымдық өтінішпен бастаған жөн. Өтінішті әкімдікке, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне, қажет болған жағдайда полицияға жолдауға болады.

Қараусыз жатқан затты алып кетпес бұрын нені білу керек
Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

Өтінішке көліктің фотосуреттерін, нақты мекенжайын, техникалық жай-күйінің сипаттамасын қоса тіркеп, оның қандай қолайсыздық туғызып отырғанын нақты көрсету керек. Мысалы, арнайы техниканың жүруіне, ауланы тазалауға, көлік қоюға, абаттандыру жұмыстарына немесе тұрғындардың қауіпсіздігіне кедергі келтіріп тұрғанын көрсетуге болады.

Одан кейін көліктің иесін анықтап, тиісті шара қолдану уәкілетті органдардың міндетіне жатады. Жергілікті жерді абаттандыру қағидаларында әдетте аулалар мен оған іргелес аумақтарды күтіп ұстау талаптары, сондай-ақ бөлшектелген немесе жарамсыз көліктерді арнайы белгіленбеген орындарға қоюға тыйым салынатыны көрсетілген.

Көліктің иесі анықталса, оған автокөлікті алып кету туралы талап қойылуы мүмкін. Ал меншік иесі анықталмаса немесе мүліктен іс жүзінде бас тартқаны белгілі болса, мәселе иесіз мүлік ретінде қаралуы ықтимал. Дегенмен көлікке қатысты бұл «тауып алдым, күттім, иеленіп алдым» деген қарапайым тәртіппен шешілмейді. Мемлекеттік тіркеуінің болуы, нарықтық құны және үшінші тұлғалардың құқықтары ескерілетіндіктен, мұндай мәселені шешу үшін ресми рәсімдерден өтіп, кей жағдайда сотқа жүгінуге тура келеді.

Теория жүзінде заң мүлікті иесіз деп танып, оны меншікке өткізуге мүмкіндік береді. Алайда іс жүзінде тұрғындардың басты мақсаты — бөтен көлікті иелену емес, ауланы босату. Сондықтан мұндай жағдайда ең дұрыс шешім — көлікті өз меншігіңізге алуға әрекеттенбей, әкімдік пен полицияның тиісті шара қабылдауына қол жеткізу. Қажет болған жағдайда олар көлікті арнайы айып тұрағына немесе кәдеге жарату алаңына жөнелте алады.

Еске салайық, бұған дейін 2026 жылы Қазақстанда 400-ге жуық велосипед ұрланғанын жазғанбыз.