Карбюратор тазартқыш, шаттандыратын газ: Жастар неден уланып жүр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Жастар мен жасөспірімдер қазір шаттандырғыш газ мен карбюратор тазартқыш сұйықтықты иіскеп, масайып жүр. Бұл — тәуелділіктің басы. Kazinform тілшісі мамандармен сөйлесіп, мұның арты неге душар ететінін сұрады.

а
Фото: DALL-E

Ацетон, толуол, пропан мен бутанның қоспасы бар — химик

Карбюратор тазартқыш сұйықтық құрамында улы химиялық элемент көп. Химиялық ацетон, толуол, көмірқышқыл газы, этилбензол, спирт.

Мұның бәрін қосқанда көліктің карбюраторын оңай тазартуға болады.

— Бензол, толуол, ацетонды химиялық зертханада тек арнайы рұқсатпен қолдануға болады. Бұл жерде сол улы газдар бар. Толуол — ең зияндысы. Адамдар сонда бутан, пропан, көмірқышқыл газдарының қоспасын иіскеп тұр. Бәрі де адамның таныс алу жолдарын ластайды. Бензиннің құрамындағы ароматты көмірсуреттің пайызы төмен болса да әсер етеді. Ал бұл газдардың құрамында ароматты көмірсутек үлесі көп. Зияны да айтарлықтай ауқымды. Буды ішке тартқанда тыныс алу жолдарына еніп, ағзаға әсер етеді. Шаттандырғыш газ — азоттың бір вальентті оксиді. Түссіз бірақ тәтті иісі бар. Естуімше адамдың жүзіне күлкі үйіртетін шаттандырғыш шар түнгі клубтарда қолданылады, бағасы да арзан екен. Азоттың бір вальентті оксидін, газды қайдан алуға болады? Мұны тамақ өнеркәсібі саласында, аэрозоль құрамында болады. Кондитерлік цехта тортқа крем жағады. Көпіршік осы газ арқылы туындайды. Тамақ өнеркәсібінде ол зиян емес. Тек газды бөлек алса, адамды улайды, — деді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті химия және тағам технологиясы кафедрасының меңгерушісі Самал Дузелбаева.

м
Фото: Самал Дүзелбаеваның жеке архивінен

Газдар адам ағзасына енген кезде тыныс алу жолдарымен бірге қанды ластайды. Қан құрамындағы глюкозаның жұмысын бұзады.

Әсіресе азоттың бір вальентті оксиді қанға түскенде түйіршіктер қозғалыссыз қалып, тыныс алу қиындайды.

Алдымен қызық, кейін тәуелділік — нарколог

Бірер минутқа созылған шаттық пен күлкі соңы айықпас дертке душар етуі мүмкін. Қызық көріп, құрыққа іліксе шықпайды, тәуелді болады.

— «Шаттардырғыш» газ дегеніміз — азот оксиді. Медицинада оны шағын ота жасаған кезде қолданып жүр. Адамның жүзіне күлкі үйіріліп, денесі босаңсиды. Тіпті жеңіл масаң күйге түседі. Бір айта кетерлігі, бұл құбылыс тез тарап кетеді. Сондықтан жастар оны қайта-қайта қолданады. Бір тұтынғаннан-ақ бағыт-бағдарынан айырылады, есінен білмей, есту қабілеті бұзылады, көзі нашар көреді, сөзі түсініксіз күйге түседі. Көп қолданса тәуелді болып кетеді. Газдың өзі — улы. Ұзақ уақыт бойы тұтынған кезде күйзеліске түседі, ашушаң болады. Сонымен бірге оттегі жетпей, адам азғасы зақымданады. Жасөспірімдер мен жастар газдың еш зияны жоқ деп ойлайды. Біз маман ретінде бір рет тұтынғанның өзінде адам өліп кетуі мүмкін деп ескертеміз, — деді Ақтөбе облыстық психикалық денсаулық орталығының нарколог дәрігері Жанар Тотаева.

Әлемде есірткіге тәуелділік проблемасы жиі қозғалады. Бұл — бүгін айтылып жүрген бес кеселдің бірі.

Оның бір емес, бірнеше түрі бар. Тек апиын және каннабиноидтар деп екі топқа бөледі.

а
Фото: Жанар Тотаеваның жеке архивінен

— Қазақстанды алар болсақ, марихуана, мефедрон тұтынады. Орталықта көбіне апиын, мефедронға тәуелді адамдар емделеді. Ал карбюратор тазартқышқа келер болсақ, бұл токсикоманияның жаңа түрі. Жасөспірімдердің тілімен айтқанда — карбик. Бұрын жасөспірімдер бензин, желім иіскесе, кейінгі жылдары карбюратор тазартуға арналған сұйықтықты тұтынып жүр. Токсикомания — психикалық және физикалық тәуелділікті тудырады. Психикаға әсер ететін осындай заттарды алдымен қызық көреді. Кейін тұрақты тұтынады, тәуелді болады. Мұндай сұйықтықты, газды иіскегенде айналаңда не болып жатқанын білмейсің, ұмытасың. Кейін көз алдына әлденелер елестейді. Олар өздері мультфильм көріп отырғандай әсерде болады. Ұзақ уақыт қолданса басы ауырып, лоқсиды, демігіп қалады. Аузы мен мұрнының айналасы бөртіп кетеді. Сонымен бірге адам тұрақты тұтынса денесіне иіс сіңіп қалады. Мұндай адамдарды бірден көріп, тануға болады. Науқастың көңіл күйі тез бұзылып, күйзеліске ұшырайды, өз денесін алып жүруге қиналады. Осы жағдайдан арылу үшін қайта тұтына бастайды. Ұзақ уақыт тұтынса бауыр мен бүйрегі, өкпесі зақымданады. Қан айналымы бұзылады. Жасөспірімнің ағзасы әлсірегенде өзге ауруды жұқтырғыш келеді. Науқас орталыққа жатып, ұзақ уақыт ем қабылдауы керек. Оларды психикалық денсаулық орталығында емдейді, — деді нарколог дәрігер Жанар Тотаева.

«Шаттандырғыш газ» сатқандар келер жылдан бастап жазаланады — полиция

Елімізде дәл осы проблема соңғы жылдары жиі айтылып жүр. Себебі түнгі клубтарда, жарнама сайттарында «шаттандырғыш газ» ашық сатылып жатыр.

Бағасын да, мекенжайын да еш жасырмай көрсетеді. Мәселен Ақтөбе қаласында 25 дана шарға жеретін 1 литрлік шар құны 18 мың теңге, 2 литрі 30 мың теңге.

Әрі сату орындарының кейбірі жұмысын кешке бастап, таңға дейін тапсырыс қабылдайды. Жеткізу қызметін қоса көрсетеді.

Ақтөбе облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы Азамат Қияшевтің айтуынша, бұған дейін сараптамаға қаншама рет жіберсе де қылмыстық құрамы анықталмай, іс жабылып қалды.

Келер жылы жаңа заң күшіне енеді. Әзірге оның талабы да, жазасы да белгісіз. Ал карбюратор тазартқышты көлік құралдарын сататын кез келген дүкеннен алуға болады.

Бағасы көлемі мен өндірушісіне қарай 500 теңгеден басталады.

— Биыл 490 келіден астам ескірткі заты тәркіленді. Бұл 304 іс. Оның ішінде 481 келіден астамы марихуана. Яғни бір реттік 41 мыңнан астам дозаға тең және жалпы құны 222 миллион теңгеден асады. Қалған 8 келіден астамы синтетикалық ескірткі. Бұл бір реттік 420 мың доза, жалпы құны 201 миллион теңгеден асады. Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың таралу арналарын, соның ішінде интернет-сайттар мен QR-кодтарды анықтау және бұғаттау жұмысы атқарылып жатыр. Қазақстан аумағында 1240 сайт анықталды, «Кибернадзор» ақпараттық жүйесіне енгізілді. Бұғатталған ақша қаражатының жалпы сомасы — 59,6 млн теңге, — деді Азамат Қияшев.

а
Фото: Азамат Қияшевтің жеке архивінен

Оның айтуынша, психикалық денсаулық облыстық орталығында 1553 адам есепте тұр. Оның 1433-і — ер, қалғаны — әйел.

Апиын және каннабиноидтар тобына жаратындар санында аса үлкен айырмашылық жоқ. Биыл бір адам артық дозасын көз жұмған.

— Жыл басынан бері есірткі тасымалдап, жасырып жүрген 13 адам ұсталды. Тергеу барысында олардың аса ірі көлемде синтетикалық есірткі заттарын өткізгені анықталды. Сот шешімімен барлығы бас бостандығынан айырылды. Қазіргі уақытта сотталғандар жазасын өтеу мекемелерінде отыр. Ұсталғандардың жасы — 18 бен 35 жас аралығында, — деді Ақтөбе облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы Азамат Қияшев.

Қазір түсіндіру жұмыстары мектеп, колледж, университеттерде қатар өткізіледі.

Тіпті Қылмыстық кодекстің «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу» бабымен істі болып, жазасын өтеп шыққандар да кездесуге барды. Кездесуде олар өз қателігін айтты.

а
Коллаж: Kazinform; Wikipedia; Pexels

Бұған дейін ІІМ есірткі қылмысына тартылған 60-тан астам жасөспірім ұсталғанын хабарлаған еді.

Министрлік ата-аналарды балалардың кіммен араласатынына және қандай әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдаланатынына назар аударуға шақырады.

Соңғы жаңалықтар