Кардиологиядағы инновация: жасанды интеллекті бар тамырішілік УДЗ қолжетімді болды
АСТАНА. KAZINFORM — Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми‑зерттеу институты коронарлық артерияларды зерттеуге арналған жасанды интеллекті бар жаңа буын тамырішілік ультрадыбыс (ТІУДЗ) жүйесін клиникалық тәжірибеге енгізді. Инновациялық әдіс Ресейдің жетекші рентгенхирургі Владимир Ардеевтің қатысуымен өткен шеберлік сағаты аясында алғаш рет қолданылды.

Институт басқарма төрағасы Марат Пашимовтың айтуынша, рентгеноперациялық блок заманауи жабдықтармен толық жарақталған әрі организмнің кез келген бөлігінде рентгенбақылаумен күрделі операция жасауға мүмкіндік береді.
— Біз Қазақстанда осы технологияны ұсынған алғашқы медициналық мекемелердің бірі болдық, — деді ол.
Avvigo+ атты жаңа жүйенің көмегімен дәрігерлер артерияларды дәл әрі жылдам өлшеп, тарылу деңгейін, стенттің ұзындығы мен диаметрін 0.1 мм дәлдікпен, сондай-ақ зақымданған аймаққа дейінгі және кейінгі тамырлардың ерекшеліктерін анықтай алады. Бұл операцияны барынша дәл және пациент үшін қауіпсіз жүргізуге көмектеседі.
Рентгенэндоваскулярлық операциялық блок меңгерушісі Алексей Колесников ТІУДЗ қолдану стент тромбозы мен рестеноз қаупін төмендететінін атап өтті.
— Диагностикалық әдістің абсолюттік қарсы көрсетілімі жоқ, — деді маман.
Мастер‑класс барысында 10 сәтті операция жасалды. Институт өкілдері жаңа технологияны ұлттық деңгейде кеңінен қолдануға ниетті.
Еске салайық, алматыда кардиохирургтар Мысыр азаматының өмірін сақтап қалғаны жайлы жазғанбыз.