Кәріс әуендерін әуелеткен астаналық дуэт Оңтүстік Кореяға жолдаманы жеңіп алды
Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Пэк Чу Хен фестивалдің тартымдылығының жылдан-жылға артып келе жатқанын, мұны қоғамдағы корейлік поп мәдениеттің танымалдығы дәлелдей түскенін атап өтті.
"Сіздердің кәріс елінің поп әуендеріне деген сүйіспеншіліктеріңіз екі ел арасындағы өзара түсіністіктің тереңдеуіне және мәдени ынтымақтастығымыздың дами түсуіне кепіл болатынына сенімдімін", - деп атап өтті ол. Биылғы жылы бұл музыкалық байқауға Қазақстанның әр өңірінен 120-дан астам жас өрендер қатысты. Әділқазылар финалда өнер көрсетуге тек 13 нөмірді ғана таңдады. Байқауға қатысушылар ерекше муызкалық-вокалдық өнерлерін паш етумен қатар, кәріс тіліндегі сөздерді дұрыс айта білуі, сондай-ақ есте қаларлық сахналық образ сомдауы тиіс болды.
Әділқазылардың бірауызды шешімімен Қазақ мемлекеттік заң университеті колледжінің студенттері Малика Тасқожина мен Аян Олжабай байқау жеңімпаздары атанды. «G-Dragon»-дың «Black» және «Jenny Kim» корей әндерін шырқаған жас жүлдегерлер сахнада ерекше жарқылдап өнер көрсетіп, көрермендерін баурап алды. Бірінші орынды иеленген олар осы жылы Кореяға бару мүмкіндігіне ие болды. Екінші және үшінші орындарды иеленген өнерпаздар да бағалы сыйлықтармен марапатталды. Айта кетейік, бұл байқау төртінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Оны ұйымдастырушылар - ҚР-дағы Корей елшілігінің Корей мәдени орталығы мен Қазақ ұлттық өнер университеті.