«Қарызсыз қоғам»: Миллионнан аса азамат қаржылық сауат бойынша көмек алады

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында халықтың қаржылық сауатын арттыру және қарыз жүктемесін төмендету мәселесіне айрықша тоқталды және «Қарызсыз қоғам» жобасын жалғастырудың маңызын атап өтті.

қарызсыз қоғам
Фото: Canva

Жыл соңына дейін жоба мамандары миллионнан астам қазақстандыққа қызмет көрсетеді деп болжанып отыр.

— Қаржылық сауаттылықты арттыру мәселесі әлі де өзекті. «Қарызсыз қоғам» жобасын жалғастыру қажет. Тек өткен жылы бұл жоба аясында 845 мың адам білім алып, заңгерлік көмекке жүгінді. Жобаның түпкі мақсаты — тек қарыз жүгін жеңілдету емес, халықтың табысын тұрақтандыру, — деді Президент өз Жолдауында.

2025 жылғы 2 ақпан мен 25 тамыз аралығында «Қарызсыз қоғам» аясында 51 мың адам офлайн-оқудан өтті, 111 мың азаматқа заңгерлік кеңес берілді және 174 836 қатысушы онлайн-курстарды аяқтады.

Жалпы 2025 жылдың өзінде 336 мыңнан астам адам көмек алды. Жыл соңына дейін көрсетілетін қызмет көлемі 1 миллионға жетеді деп күтіліп отыр. 

AMANAT партиясы ұсынған бұл бастама азаматтарды қолдаудың тиімді құралы ретінде өзін толық дәлелдеді. Алдағы жылдары жобаның ауқымын кеңейту, оқытудың жаңа формаларын енгізу және отбасылардың қаржылық тұрақтылығын арттыруға бағытталған тәжірибелік тетіктерді дамыту көзделіп отыр.

Айта кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы 2022 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жобаның негізгі мақсаты — халықтың қаржылық сауатын арттыру, қарызға тәуелділікті азайту және жеке қаржыға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.

Бұған дейін Қазақстанда кредит алып, қарызға батқандар саны жөнінде талдау жасалған еді.

Соңғы жаңалықтар