Қарлығаштың азаюына бірнеше себеп бар — орнитолог
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қазақ киелі санайтын қарлығаш торғайтәрізділер отрядына жататын құс екенін біліп пе едіңіз? Ол неге қазір азайып кетті? Бұл туралы Kazinform тілшісіне орнитолог, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті PhD қауымдастырылған профессорының міндетін атқарушы Нұргүл Сиханова айтып берді.
Ғалым бұл құсты сипаттағанда өңірде кездесетін түрлеріне ғылыми талдау жүргізуді жөн санайды.
— Қарлығаштар негізі торғайтәрізділер отрядына жатады. Омырауы ақ түсті, дене тұрқы шағын, жер бетіне жақын қашықтықта ұшады. Үй шатырының астына, көпқабатты үйдің кіреберісіне, құмайтты жарқабақтарға ұялайды. Ғылымда қыстау, қала және жар қарлығашы деп бөлінеді. Ал сұр қарлығаштың ерекшелігі, омырауы қара түсті және биікте қалықтап ұшып өмір сүреді. Ауызекі тілде қарлығаш аталғанымен, алғашқы үшеуімен туыстығы жоқ. Тіпті отряды да бөлек. Түр-сипаты мен ұшуындағы, қорегін аулаудағы ұқсастықтар — туысқандықтың емес, конвергентті эволюцияның нәтижесі. Қарлығаш оңтүстік пен солтүстікте ғана емес, барлық аймақта таралған. Күн салқындағанда қыстау үшін экзотикалық мәңгі жасыл ормандары бар жылы аймақтарға, яғни Азияның оңтүстігі мен батысына, Африка елдеріне кетеді, — деді ол.

Орнитолог қарлығаштың қай түрі болмасын, жемтігін әуеде қалықтап жүріп аулауға бейімделгенін жеткізді.
Сұр қарлығаш бір жылдың 10 айына дейін, ал тәуліктің 99,5%-да тоқтаусыз ұшып жүреді екен.
— Осы ерекшелігіне байланысты эволюция барысында аяқтарының дамуы, яғни жүру, секіру қызметі кенжелеп қалған. Мұндай жағдайлар табиғатта көп кездеседі. Мәселен, аққу, қаз бен үйрек суда жақсы жүзгенімен құрлыққа шықса, ебедейсіз жүреді. Өйткені аяқтары жүзуге бейімделген. Енді түйеқұсқа қараңыз, жауынан қорғану үшін алып денесімен қашып құтылады. Сол себепті қанаттары дамымаған. Қарлығаш жерде жүріп жем жеуге бейімделмеген. Сондықтан оны кептер сияқты қолға үйрету мүмкін емес, — дейді Нұргүл Сиханова.
Қарлығаштың даралар санының күрт төмендеуіне бірнеше себеп бар.
Орнитолог қалаларда жәндіктерді өлтіруге арналған химиялық препараттарды шамадан тыс қолдану, құс жемтігі саналатын қанатты майда жәндіктердің азаюы, темір-бетонды әйнекпен көмкерілген ғимараттардың көбеюі сияқты бірнеше факторды атады.

— Өйткені қарлығаш ұяның құрылыс материалы ретінде саз балшық пен өзінің сілекейін пайданады. Сонымен қатар табиғатта белгілі бір үдерістер мен құбылыстар толқындық эффект арқылы қайталанып отырады. Бұл дегеніміз — құстың кейбір түрлері біздің аймақта кемігенімен басқа жерде артып кеткен болуы әбден мүмкін, — деді ол.
Ғалым қарлығашқа қатысты қызық дерек келтірді. Оның ұясын өзге елдерде қорек ретінде пайдаланады екен.
Біз бұған дейін құстарды суретке түсірумен айналысып жүрген атыраулық әуесқой фотографпен сұхбаттасқан едік.