Кәрім Мәсімовтің Астанадағы зәулім сарайы Оқу-ағарту министрлігіне берілді

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке тиесілі елордадағы зәулім үй Оқу-ағарту министрлігінің пайдалануына берілді. 

Кәрім Мәсімовтің Астанадағы зәулім сарайы Оқу-ағарту министрлігіне берілді
Фото: e-auction.e-qazyna.kz

Бұл ақпаратты Kazinform тілшісіне Қайтарылған активтерді басқару компаниясының баспасөз қызметі растады.

— Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің бұйрығына сәйкес, аталған тұрғын үй ресми түрде Оқу-ағарту министрлігінің «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мемлекеттік мекемесінің қарамағына бекітілді, — деген хабар алдық қайтарылған активтерді басқару компаниясынан.

Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, ерекше қажеттілігі бар балаларға білім беру бойынша сұраныстың артуына байланысты арнайы және инклюзивті білім беру ұйымдарының желісін кеңейту туралы шешім қабылданған. 

— Негізгі орталық Алматы қаласында орналасқан «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығында» шоғырланады, ал басқа өңірлерде, соның ішінде Астанада да филиалы ашылады. Мұндай тәсіл бірыңғай ғылыми-әдістемелік базаны қамтамасыз етеді, мамандарға, ата-ана мен балаларға қолайлы жағдай жасайды, сондай-ақ арнайы білім беру ұйымдарының жұмысын тиімді етуге мүмкіндік береді, — дейді министрліктің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы.

Айта кетсек, биыл 10 ақпанда Кәрім Мәсімовтің Астанадағы зәулім сарайы 1,8 млрд теңгеге сатылымға шығарылған еді

Алайда 25 ақпанда өткен аукционда Кәрім Мәсімовтің зәулім сарайын ешкім сатып алмады

Наурыз айында Кәрім Мәсімовтің зәулім сарайы қайта сатылымға қойылды

Еске сала кетейік, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов 2022 жылы 8 қаңтарда ұсталды

Ұлттық қауіпсіздік комитеті таратқан мәлімет бойынша, Мәсімовтің премьер-министр лауазымында болуы кезеңінде бизнес-құрылымның бірінен астанада құны 2,5 млрд теңге элиталық тұрғын үй мен жер телімін алу фактісі бойынша тергеу жүргізілді

Соңғы жаңалықтар