Қармақшыда бір адамды өлтіріп, денесін өртеп жіберген үш жігіт ұсталды - Қызылорда облысы

Жосалы кентінің сыртында осы кенттің 1979 жылы туған Ж.С. есімді тұрғынының өртенген денесі табылды. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полиция қызметкерлерінің тыңғылықты іздеу шараларының нәтижесінде кісі өліміне қатысы бар үш азамат ұсталып, қамауға алынды. Күдіктілердің айтуларынша, оқиға былай өрбіген. Қылмысқа қатысы бар күдіктілердің бірі 1987 ж.т. Е.Е. мамыр айының 16-сы күні өзінің көлігімен кент орталығында жолаушы тасымалдап жүреді. Аудандық аурухана тұсында жәбірленуші Ж.С. әлгі машинаны тоқтатып, орталықтағы бір дүкенге дейін апаруын өтінеді. Діттеген жерге жеткенде Ж.С. дүкенге кіріп, спирттік ішімдік алып шығады. Екеуі жолда келе жатып, бір-бірімен танысып, бірге ішпекші болады. Көлік ішінде спирттік ішімдікті ішіп отырған кезде, Е.Е. ұялы телефонмен танысы Қ.Б.-ға қоңырау шалып, оны бірге ішімдік ішуге шақырған.
Содан Е.Е. мен жәбірленуші Ж.С. көлікпен кент орталығындағы бір көшеде күтіп тұрған Қ.Б. мен Ш.С.-ға келеді. Төртеуі бірігіп, кент орталығындағы бау-бақшаға келіп, арақ ішуді жалғастырады. Ішімдік ішіп, масайған уақытта Е.Е. мен Ж.С-тің арасында жанжал туындап, соңы төбелеске ұласады. Е.Е.-нің таныстары Қ.Б. мен Ш.С. төбелеске араласып, құлап жатқан Ж.С.-ді тепкінің астына алған. Жәбірленуші есінен танып қалады. Сол кезде күдіктілер өздерінің мініп келген көлігіне ес-түссіз жатқан Ж.С.-ді салып алып, Жосалы кентінен 3-4 шақырым қашықтыққа, бөгде кісі жүрмейтін жерге алып кетеді. Сол жерде үшеуі оны көліктен түсіріп, күдіктілердің бірі Ш.С. қолына пышақ алып, жәбірленушінің кеудесіне үш рет ұрады. Ал көлік жүргізушісі Е.Е. болса, көліктен құтыға бензин құйып, жәбірленушінің үстіне құяды. Ал Қ.Б. бензинді тұтатып, жәбірленушіні өртеп жібереді.
Мәйіт оқиға орнынан 4 күннен кейін табылған. Қазіргі таңда қылмысқа қатысы бар үш күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілердің үстінен ҚР ҚК-нің 96-бабы, 2-бөлігінің «д,ж» тармақтарымен іс-қозғалуда. Күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, ұсталған азаматтар 10 жылдан 20 жылға дейінгі мерзім аралығында бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.