Қармақшылықтар межесі - гектарына 50 центнер - Қызылорда облысы
ҚЫЗЫЛОРДА. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Күріш жинау науқанын бастап кеткен Қармақшы ауданының диқандары одан түсетін түсімнің былтырғы деңгейден төмен түспесіне сенімді. Ал өткен жылы мұнда гектарына 51 центнерден Сыр салысы жиналып алынған еді.
Биыл аймақта 11765 гектар жерге күріш егілді. Олардың 66 пайызын «Кубань-3» және «Маржан» сұрыптары құрайды. Жыл басынан бері тыңайтқыш үшін аудан егіншілері 100 млн. 619 мың теңге субсидия алды. Бұдан бөлек «Қорқыт елі» несие серіктестігі 8 шаруашылыққа 15 млн. теңге қаржы таратты. Сол сияқты инвесторлардан 628 млн. 871 мың теңге жаратылды.
Ауданда егін жинау маусымына арналған жиын «Тұрмағамбет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өтті. Онда ораққа 161 комбайнның қатысатыны белгілі болды. Аудан әкімі Биғали Қаюпов соңынан егіншілерге сәт сапар тілеп, рәсім лентасын қиды. Ал даңқты күрішші, Еңбек Ері Сәлима Жұмабекова бата берді.