Қарттарды алдаған алаяқ 4 жыл 7 айға сотталды

АСТАНА.KAZINFORM — Қарағанды облысында егде жастағы азаматтарды алдап, олардың ақшасын иемденген алаяқ сотталды. Өзін жәбірленушілердің шетелде тұратын туыстары ретінде таныстырып, түрлі сылтаумен ақша алған күдікті 10 зейнеткерге шығын келтірген. Сот оны кінәлі деп танып, 4 жыл 7 ай мерзімге бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлім етті. 

Қарттарды алдаған алаяқ 4 жыл 7 айға сотталды
Фото: ІІМ

Қарағанды облысының Әлихан Бөкейхан ауданының прокуратурасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағымен айыпталған азаматқа қатысты қылмыстық іс бойынша мемлекеттік айыптауды қолдады.

— Сотта айыпталушының интернет-ресурстарды пайдалана отырып, егде жастағы азаматтардың байланыс деректерін анықтап, оларға қоңырау шалып, өзінің кім екенін ашып айтпай, әңгімелесуді бейтарап сөздерден бастағаны анықталды. Жәбірленушілер қоңырау шалушының кім екенін анықтауға тырысқан кезде, өздері оны Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұратын туыстары деп болжаған, — деп хабарлады прокуратурадан.

Осы жағдайды пайдаланған айыпталушы жәбірленушілердің жаңылысқан пікірлерін қолдап, сәлемдеме алу сылтауымен куръер арқылы ақша қаражатын беруге көндірген, кейіннен ақшаны өзі алып кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған.

Қылмыстық әрекеттің нәтижесінде 10 егде жастағы азамат жәбірленуші деп танылды, оларға 50 мың теңгеден 1 миллион 750 мың теңгеге дейінгі мөлшерде материалдық залал келтірілген.

— Қылмыстық істі қарау қорытындысы бойынша сот айып тағылған азаматты кінәлі деп танып, оған жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен 4 жыл 7 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, — делінген хабарламада.

Аталған үкім алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтың бұлтартпастығын көрсетеді.

Прокуратура азаматтарды белгісіз адамдардан келіп түсетін телефон қоңыраулары кезінде қырағылық танытуға, алынған ақпаратты туыстары арқылы тексеруге және ақша қаражатын бөгде адамдарға бермеуге шақырады.

Айтра кетейік, Таразда теміржол кассирі билет сатудағы алаяқтығы үшін жаза арқалады.