Таразда теміржол кассирі билет сатудағы алаяқтығы үшін жаза арқалады
АСТАНА. KAZINFORM — Тараздағы билет кассирі қызметтік жағдайын пайдаланып алаяқтық жасаған, деп хабарлайды Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі.
Тараз қаласының № 2 соты Тараз станциясындағы билет кассасының кассирін қызметтік жағдайын пайдалана отырып, бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды.
Сот анықтағандай, ол жол жүру құжаттарын ресімдеу кезінде тікелей рейс орнына маршрутты жекелеген учаскелерге бөліп билеттер сатқан. Осылайша, жол жүрудің нақты құны мен өзіне қалған ақша арасындағы айырмашылықты иемденіп отырған. Алаяқтық салдарынан үш жолаушыға материалдық залал келген.
Іс бойынша мемлекеттік айыптауды көлік прокуратурасы қолдады.
— Сот оған 248 430 теңге көлемінде айыппұл түріндегі жаза тағайындады, сондай-ақ 3 жыл мерзімге ақшалай қаражатпен және материалдық құндылықтармен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ, — делінген хабарламада.