Қарызы бардың қадамы қысқа
Алайда, сот шешімін орындау еліміздегі күрделі мәселенің біріне айналып отырғаны рас. Түрлі қарыздарды, айыппұлдар мен алименттерді өндіру мәселесі өзектілігін жоймай отыр. Әрине, бұған қарап сот орындаушылары ауызды қу шөппен сүртіп келеді десек, қателесеміз. Олар да өз құзіреті шеңберінде әрқилы амал-әрекеттер жасап бағуда. Соның бірі қарызы барларды Қазақстаннан тысқары қарға адым шығармау болатын. Қуанарлығы, Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау комитеті соңғы шараның айтарлықтай оң нәтиже бере бастағанын хабарлады. Аталмыш комитеттің мәліметінше, сот орындаушыларының қарызы барларды әкімшілік жауапқа тартып, республика шекарасынан шығуына уақытша тыйым салу шарасы төленбеген қарыздарға байланысты орындаушылық өндірістің қысқаруына мүмкіндік берген. Жалпы, бұл елімізде заңмен реттелген тетік және сот орындаушысы борышкердің шекара асуына уақытша шектеу қоюға құқылы. Ол жайлы «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңында көзделген. «Борышкер болып табылатын жеке тұлға, заңды тұлғаның лауазымды адамы (оның міндетін атқарушы) атқарушылық құжаттағы талаптарды дәлелсіз себептермен белгіленген мерзімде орындамаған жағдайда сот орындаушысы борышкердің Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу туралы қаулы шығаруға құқылы, ал өндіріп алушының өтініші бойынша осындай қаулы шығаруға құқылы» делінген заңның 33-бабында.
Сот орындаушысының шектеуіне ілінген борышкер республика аумағынан сырт жерде сырқатына байланысты емделетін болған жағдайда ғана тыйым тоқтатыла тұруы мүмкін. Дегенмен, бұған қарап борышкердің елден сыртқары шығуына тыйым салу құқығы берілген сот орындаушысы қалағанына қаулы шығара беретін «өзі би, өзі қожа» екен деген түсінік тумауы тиіс. Себебі, оның біз сөз етіп отырған қаулысы дәлелдері мен негіздері көрсетіле отырып сотқа ұсынылып, тек сотпен санкцияланады. Сот атқарушылық әрекеттерді жасауға санкция береді немесе санкция беруден бас тартады. Яғни, соттың «санкциялаймын» деген мөртаңбасынсыз сот орындаушысы атқарушылық әрекеттерді жүргізе алмайды. Мұның бәрі Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің 240-7-бабында егжей-тегжейлі көрсетілген.
Демек, борышкерлердің Қазақстаннан тыс жерлерге шығуына тыйым салу тетігі қарызы бар тұлғалардың қарасын азайтқандығы туралы жеткізген Сот актілерін орындау комитетінің мәліметіне сүйеніп, заңдағы көзделген шара шынайы іс жүзіне асып жатыр деп топшылауға болады. Енді комитет деректерін сөйлете кетсек, биылғы жылдың І-ші жартыжылдығында сот орындаушыларымен 4986 әкімшілік материал жасалған. Оның 3563-і айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар. Айта кетерлігі, жалақыдан өндіріп алу бойынша құжаттардың көлемі азайған. Қазір 1212 құжат орындалу үстінде көрінеді. Олардың да көпшілігіне республикадан шығуды шектеу шарасы көзделуі ғажап емес. Жалпы, мамыр айында қарызы мен айыппұлын төлемеген 20 мың қазақстандықтың шекарадан асуына тыйым салынғанын еске сала кеткен жөн.
Ол аз десеңіз, мыңнан астам алматылық уақытылы төленбеген қарызы, айыппұлы мен салығы шетелде демалуға кедергі болады деп ойламаса керек. Мәселен, республикадан шығуына уақытша шектеу салық бойынша жалпы қарызы 247 миллион теңгені шамалайтын 1248 азаматқа салынған. Олардың 334-і қозғалтқышының көлемі 4000 куб сантиметрден асатын темір тұлпарды тақымдағандар және сонысымен қоймай көлігінің салығын 4 жылға дейін төлемегендері де бар.
Дамыған елдерде салық жүйесінің жетілгені, халықтың салық төлеу мәдениеті қалыптасқаны, салық төлемеген адамға қылмыскер секілді қарайтыны туралы көп айтылады. Бұл жағынан Еуропаның алдыңғы қатарлы мемлекеттеріне болмасақ та, ұқсап баққанымыз айыпқа саналмас. Сондықтан өтелмеген қарызы, төленбеген салығы мен айыппұлы барлар шекара асып демалуды жоспарламас бұрын, артынып-тартынып әуежайға шықпас бұрын ойланса игі. «Шетелде демаламын» деп шашқан ақшасымен жат жердің қалтасын қампайтпастан бұрын, мемлекет алдындағы қарызын өтесе, сол арқылы ел бюджетінің бүйірін толтыруға үлес қосатынын ескерсе екен.
Шиналханов