Қаржы министрлігі азаматтардың банктердегі қалдық қаражатын тексереді
АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы министрлігі екінші деңгейлі банктерден ел азаматтарының банктік есепшотындағы қалдық қаражатын сұрайтын болады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілеу басқармасының басшысы Дина Құсайынова мәлім етті.
Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр 2025 жылы азаматтардың қалған санаттарын активтер туралы декларацияларды міндетті түрде тапсырудан босату туралы Қаржы министрінің ұсынысын қолдаған болатын. Дегенмен, ол Қаржы және Цифрландыру министрліктері тіркеу және салықтық бақылау үшін барлық цифрлық базалардан, оның ішінде екінші деңгейдегі банктерден мәліметтер алуды қамтамасыз еткені жөн екендігін айтқан еді.
Оның атап өтуінше, ел азаматтары банктік есепшоттарындағы қалдығын, пәтері мен көлігін қоса алғанда барлық активін декларациялау тиіс болатын. Алайда, 2020 жылы азаматтарды аталған мәліметтерді декларацияда көрсетуден босату туралы шешім қабылданды. Өйткені, мұндай мәліметтердің бәрі цифрлық деректер базасы арқылы қолжетімді бола түсті.
«Мәселен, мен мемлекеттік қызметші ретінде 2021 жылы декларация ұсындым. Өкілетті органдарда тіркелген мүлкімді, пәтерімді, көлігімді көрсеткен жоқпын. Өйткені, бұл мәліметтер, банктік есепшотымдағы қалдық туралы дерек бар. Банк мұндай мәліметтерді мемлекеттік кірістер органына береді», - деді ол.
Дана Құсайынованың айтуынша, 2025 жылдың 1 қаңтарынан жалпыға ортақ декларациялау жүйесіне кіретін азаматтарға қатысты мәліметтерді Қаржы министрлігі олар тәуекел аймағына іліккен жағдайда банктерден сұрататын болады.
«Айталық, ұйым (жұмыс орны) азаматтың 1 жылғы табысының мөлшерін 10 млн теңге деп көрсетіп, мәлімет ұсынды делік. Ал деректер базасынан оның 50 млн теңгеге пәтер сатып алғаны анықталды. Мұндай жағдайда біз банктен оның кредит алған не алмағанын сұрап сауал жібереміз. Егер банк оның кредит алмағанын айтса, онда кіріс пен сатып алынған мүліктің құны арасындағы айырмашылық негізсіз саналады. Біз азаматқа мұндай соманы қайдан алғанын түсіндіру және 10 пайыз мөлшерінде салық төлеу туралы хабарлама жібереміз», - деді басқарма басшысы.
Бүгін Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев декларация тапсырудан босатылатын санатты атаған еді.
Осы орайда Премьер-Министр Олжас Бектенов жеке тұлғалардың активтері бойынша барлық ақпарат бар екенін атап өткен болатын.
Айта кетерлігі, бұған дейін Президент декларациялауға қатысты мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырды.