Қаржылық мониторинг агенттігі Telegram-да жаңа ботты іске қосты

Қаржылық мониторинг агентігі Telegramда жаңа ботты іске қосты
Фото: Kazinform

Қаржылық мониторинг агенттігі Telegram мессенджерінде «AФM Insider» ресми ботын іске қосты, деп хабарлайды Kazinform. 

Агенттіктің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұл – экономикалық құқық бұзушылықты анықтау мақсатында қолға алынған қадам.

«Қазақстандықтар бұл құрал арқылы экономикалық құқық бұзушылықтар туралы батырманы бір рет басу арқылы хабарлай алады. Хабарлама қысқа мерзімде қаралады. Ақпараттың құпиялығына кепілдік беріледі. Ботқа жолданған хабарлама тек ақпараттық сипатқа ие және қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға негіз бола алмайды», -деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.

Қаржылық мониторинг агенттігі – Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган.

Бұл агенттікке ауқымды міндет жүктелген. Нақты айтқанда, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасында осы органның құзырына жатқызылған экономикалық және қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру кіреді.

Еске сала кетелік, бұған дейін агенттік төрағасы Жанат Элиманов Президентке 217 млрд теңгенің активтері қайтарылғаны туралы есеп бергені хабарланған еді.

Төрағаның мәліметінше, жыл басынан бері мемлекетке жалпы сомасы 217 миллиард теңге болатын активтер қайтарылған. Сондай-ақ көлеңкелі экономиканың деңгейі 18,7 пайызға дейін төмендеген.

Есірткінің заңсыз айналымынан түсетін кірістерді жылыстату үшін пайдаланылған 924 банктік шот бұғатталған. Криптоактивтерді пайдалана отырып жасалатын экономикалық қылмыстарға қарсы іс-қимыл жөніндегі арнайы бөлімше құрылған. Заңсыз 9 крипто алмастырғыштың қызметі жойылған. Ондағы қаржы айналымы 17 миллиард теңгеден асқан.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram