10:12, 13 Маусым 2025 | GMT +5
Қаржылық мониторинг агенттігі жыл басынан бері 36 қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты
АСТАНА. KAZINFORM – Қаржылық мониторинг агенттігі қаржы пирамидаларының қызметін анықтау және тоқтату бойынша жүйелі жұмысын жалғастырып келеді.

Агенттіктің мәліметінше, жыл басынан бері жалған инвестициялық жобалар туралы ақпарат таратқан 7 мыңнан астам интернет-сайт бұғатталған.
- Жалпы аудиториясы 276 мың адам болатын Instagra және Telegram желілеріндегі 43 заңсыз чат жабылды;
- 86 мыңнан астам азаматты тартқан 36 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды;
- 19 қаржы пирамидасына қатысты 46 сотқа дейінгі тергеу аяқталды;
- 12,5 млрд теңге сомасына мүлікке тыйым салу арқылы келтірілген шығынды өтеу қамтамасыз етілді.
Айта кету керек, 2021 жылдан бері 100-ден астам қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылған. 227 ұйымдастырушы нақты мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Агенттікте қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге мүмкіндік беретін «Baiqa, piramida!» Telegram-боты іске қосулы.
Еске сала кетейік, жақында Мәжіліс Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілетін кеңейтетін заң жобасын мақұлдады.