Қашаған өз уақытында игерілетін болады - С. Мыңбаев

АНА. 7 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қашаған кен орны келісімшартта көзделгендей, өз уақытында игерілетін болады.

Қашаған өз уақытында игерілетін болады - С. Мыңбаев

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын ұйымдастыру, басқару, олардың жұмыс істеу және даму тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңын талқылау барысында Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев мәлім етті.

Құжатты талқылау барысында сенатор Сәрсенбай Еңсегенов интернеттегі ақпарат көзіне сүйене отырып, Қашаған кен орнын игеру үш жылға тоқтатылатыны туралы хабарламаны растауды немесе терістеуді сұраған болатын. «Қашаған 2008 жылғы келісімшарт бойынша бірінші буынды игерудің уақыты 2012 жылдың аяғына келеді. Бұл тарапта жұмыстар жүргізіліп жатыр, яғни игеру жұмыстары уақтылы болуына толық мүмкіндік бар. Егер екінші кезең туралы айтатын болсақ, ондай келісімшартқа қол қойған жоқпыз. Игеруге қатысты жобалар келсе, бұның экономикасы Қазақстан тарапына қолайлы болса, бекітеміз. Ал қолайсыздау мәселелер байқалса оны әлі де шегере тұратын боламыз. Жалпылама айтсақ, Қашаған жобасының бірінші кезеңі Қазақстан кірісін еселей түсетін болады. Соның өзін игеру оңай емес. Сондықтан да, екінші кезеңді асықпай ойластырып, жүзеге асырған ләзім. Ал игеруші тарап екінші кезеңнің сипаттамасын, тұжырымдамасын ағымдағы жылдың желтоқсанында Қазақстан жағына ұсынамыз деп отыр», - деді Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев.