Қашағандағы жөндеу жұмыстарының мерзімі кейінге шегеріле ме — министрлік жауабы

АСТАНА. KAZINFORM — Мұнай мен газ өндіретін кен орнындағы жөндеу жұмыстарының уақыты өзгеруі ықтимал. Бұл жөнінде ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

 Қашағаннан алғашқы мұнай партиясы Баку портына жіберілді
Фото: ҚМГ

Министр кен орны операторы NCOC 1 маусымда теңіздегі өндіріс объектілерінің және мұнай мен газды өңдейтін зауыттың жұмысын тоқтататыны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

— Иә, біз жөндеу мерзімін өзгертуді қарастырып жатырмыз, — деді Ерлан Ақкенженов V Еуразиялық экономикалық форум кулуарында журналистер сұрағына жауап бере отырып.

Салалық БАҚ мәліметіне жүгінсек, жоспарлы жөндеу жұмыстары 35 күнге созылады. Оның әсерінен маусым айында және шілденің басында қазақстандық мұнай экспортының көлемі тәулігіне шамамен 400 мың баррельге азаяды деп болжанған болатын.

Айта кетейік, бұған дейін КҚК-мен мұнай тасымалдау тарифтеріне қатысты министр мәлімдемесін жариялағанбыз.