Қашан да қазақ халқына ризашылығымды ұмытпаймын — Моңғолияның халық әртісі Сарантуя

АСТАНА. KAZINFORM — Silk Way Star байқауын көптеген мемлекеттер өз елінде көрсетеді деп ойлаймын. Бұл туралы осы жоба қазылар алқасының мүшесі, Моңғолияның халық әртісі Сарантуя ханым айтты.

Қашан да қазақ халқына ризашылығымды ұмытпаймын - Моңғолияның халық әртісі Сарантуя
Фото: видеодан алынған скрин

— Бұл жолы Silk Way Star халықаралық жобасының қазылар алқасының мүшесі ретінде келдім. 1993 жылы Алматыда Азия дауысы байқауында өнер көрсеткен едім. Онда 22 елдің ішінен гран-при жеңіп алдым. Бұл жеңіс маған өз мансабымды сәтті қалыптастыруға мүмкіндік берді. Сол себепті менің жүрегімде Қазақстан туралы тек жылы естеліктер ғана бар, — деді моңғолиялық әнші Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында..

Сондай-ақ ол біздің елде жеке концертімен келіп тұратынын атап өтті.

— Қайда жүрсем де қазақ халқы мен мемлекетіне өз ризашылығымды ұмытпаймын. Бұл елге тағзым ретінде 2012 жылы жеке концертіммен келгенмін. Алматыда Сутденттер сарайында және Астанада Конгресс-холда өнер көрсеттік. Бұл елге соңғы рет 2018 жылы келдім, ол жолы Алматыдағы «Алатау» театрында ән шырқадым. Ал осы жылы қараша айында жеке концертіммен тағы да келіп қалуым мүмкін, — деді ол.

Сондай-ақ Моңғолияның халық әртісі бұл байқаудың ауқымы әлдеқайда кең таралатынына сенім білдірді.

— Маған бұл байқаудағы атмосфера қатты ұнады. Қытай, Грузия, Армениядан келген әділ қазылармен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Мен Қазақстанның тағы бір мәрте «достық көпірін» ашып жатқанына қуаныштымын. Jibek Joly телеарнасы мен Қытайдың орталық телевидениесі CCTV бірлесе жүзеге атқарып жатқан тележобаны көптеген елдер өзінде трансляциялайды деп ойлаймын, — деді әнші.

Биыл Сарантуя ханымның сахнада жүргенімен 39 жыл толған. 22 альбомы бар. Сондай-ақ өз елінде «Ғасыр әншісі» деген атаққа ие болған танымал өнер жұлдызы.

Бұған дейін әділқазы мүшесі Самира Эфенди Silk Way Star бірден 12 елге танылуға мүмкіндік беретінін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар