Қашықтан жұмыс және жаңа кесте: Алматы әкімдігі жолдағы кептелісті қалай шешпек

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жазғы демалыс бітіп, жаңа оқу жылы басталғанда көлік саны көбейеді. Қарбалас кезде жолдағы кептелісті азайту үшін әкімдік бірнеше шараны қолға алды. Соның ішінде жұмыс уақытының кестесін өзгерту және кейбір қызметкерлерді қашықтан жұмысқа көшіру бар. 

Қашықтан жұмыс және жаңа кесте: Алматы әкімдігі жолдағы кептелісті қалай шешпек
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Мемлекеттік қызметкерлер үшін жаңа кесте

Қала әкімінің шешімімен мемлекеттік мекемелердің жұмыс кестесі өзгерді. Енді кейбір қызметкерлер жұмысын бұрынғыдай 9:00–де емес, 8:30–да бастайды. Ал түскі үзіліс 1 сағаттан 1,5 сағатқа ұзартылды.

Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлердің бір бөлігін қашықтан жұмыс істеуге көшіру жоспарланып отыр. Бірақ заң бойынша мұндай форматқа жалпы қызметкерлердің 30%-дан артық бөлігін ғана жіберуге рұқсат етіледі.

Бизнес үшін

Әкімдік депутаттардың бастамасын қолдап, жеке компаниялардың кеңсе қызметкерлерін қашықтан немесе икемді жұмыс кестесіне көшіруді қарастыруды ұсынды. Алайда қашықтан жұмысқа көшу туралы түпкілікті шешім жұмыс берушілердің өздеріне тиесілі.

— Аудан әкімдерінің аппараттары кәсіпкерлерге 2-6 қыркүйек аралығында кеңсе қызметкерлерінің бір бөлігін икемді немесе қашықтан жұмыс форматына көшіру мүмкіндігін қарастыру жөнінде хат жолдады. Бұл хаттар тек ұсыныс сипатында болды, — деп нақтылады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Оқу орындары үшін

Жолдағы көлік тығыздығын азайту үшін жоғары оқу орындары мен колледждерге сабақ уақытын әртүрлі қою ұсынылды. Бір оқу орны сабақтарын 8:00–де бастаса, енді бірі 10:00–де бастайды. Бұл әдіс 637 мыңнан астам студенттің қозғалысын тең бөліп, таңғы қарбаластағы кептелісті азайтады.

Айта кетейік, 15 қыркүйектен бастап астанадағы кейбір ұйымдар да жаңа жұмыс кестесіне көшеді. Мұндай шешім де кептелісті азайту үшін қабылданған.

Соңғы жаңалықтар