Қашықтықтан оқыту жүйесі жоғары білімге қолжетімділікті арттыруда - Ж.Баласағын атындағы Қырғыз ұлттық университетінің ректоры
АЛМАТЫ. 12 маусым. ҚазАқпарат - Қазіргі уақытта бізде кейбір мамандықтар бойынша орыс тобында оқитын студенттердің басым бөлігін қазақстандықтар құрай бастады,
дейді Бішкектегі Ж.Баласағын атындағы Қырғыз ұлттық университетінің ректоры Искендер Исамидинов.
«Жақында 80 жылдық мерейтойын атап өткен бұл университетте білім алып жатқан 30 мыңнан астам студенттің 133-ін қазақстандықтар құрап отыр. Білім беру жүйесіндегі әлемдік үдерістерді ескере отырып, өткен жылы оқу орнымызда қашықтықтан оқыту жүйесін енгізгенбіз. Оның болашағы өте зор. Мәселен, Түркиядағы Ататүрік университетінде оқитын 60 мың студенттің 30 мыңы қашықтықтан білім алады», - дейді И. Исамидинов. Қырғыз Республикасының білім беру ісіне еңбек сіңірген қызметкері, педагогика ғылымдарының докторы Искендер Шоңмұрынұлының айтуынша, жаһандану кезеңінде білімді игеруде шекаралар жойылып, бұл сала мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналуда. Өйткені онда да бәсекелестік күшейіп келе жатыр. Қазір жастардың алдында таңдау еркі бар. Сондықтан Қырғызстандағы ең байырғы және жетекші жоғары оқу орны саналатын Ж.Баласағын атындағы Қырғыз ұлттық университеті қазақстандық оқу орындарымен іскерлік байланыстар орнатып, ондағы өз өкілдері арқылы жастарды өздеріне тартуға зор қызығушылық тудырып отыр.