Кәсіби мемлекеттік аппарат халықтың билікке сенімін нығайтады - М.Нұртазин

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Өткен жылы ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасының дамыған 30 елдің қатарына кіру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жариялады. Ұлт жоспарының бірінші институционалдық реформасы кәсіби мемлекеттік аппарат құру болып табылады. Оның бірінші қадамында мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдерін жаңғырту көзделген. Осыған орай 2016 жылдың бірінші қаңтарынан бастап жаңа «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңы қолданысқа енгізілді. Осыған орай ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі БҚО бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі өңірлік кеңес төрағасы Мирболат Нұртазин өз ой-толғамын былайша мәлім етті.

Кәсіби мемлекеттік аппарат халықтың билікке сенімін нығайтады - М.Нұртазин

Оның айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттік қызметке қабылдау түбегейлі өзгертілді. Егер бұрынғы талаптар бойынша белгілі бір мемлекеттік орган ішінде мемлекеттік қызметшілердің ауысуы тек мемлекеттік қызметшінің өтініші және өкілетті органның келісуімен жүзеге асырылса, енді бұл тек конкурс негізінде жүзеге асырылады. Яғни біліктілік талаптарына сәйкес келетін және тиісті мемлекеттік қызметтегі өкілі бар сол мекеменің мемлекеттік қызметшісі бірінші кезекте ішкі конкурсқа қатыса алады. Нақтырақ түсіндіретін болсақ, мемлекеттік қызметшілерді ілгерілету төменгі лауазымдарда жұмыс өтілі болған кезде және ішкі конкурс өткізу жолымен жүзеге асырылады (әңгімелесу арқылы). Алғашқы кезеңде ішкі конкурс мемлекеттік органның өз қызметшілерінің арасында өткізіледі. Тиісті үміткер болмаған кезде, ішкі конкурстық іріктеу барлық мемлекеттік қызметшілер арасында өткізіледі.

Ішкі конкурста да үміткер анықталмаған жағдайда, өкілетті органмен келісу бойынша, жеке немесе квазимемлекеттік секторда салыстыруға келетін еңбек өтілі бар азаматтардың арасында жалпы конкурс өткізілуі мүмкін. Бұл басшы лауазымға іріктеу жағдайында жүзеге асырылады. Ұлт жоспарының бірінші қадамында мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиіс деп аталып өткендей, мемлекеттік органның ең төменгі лауазымына еліміздің барлық азаматтары қатыса алады.

Ағымдағы жылдың есептік кезеңінде Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік қызметке орналасу бойынша жергілікті атқарушы органдарда жалпы саны 240 конкурс өткізілді. Оның ішінде бірінші ішкі конкурстар (белгілі бір мемлекеттік мекеменің ішіндегі немесе оның құырылымдық бөлімдерінің мемлекеттік қызметшілері ғана қатыса алады) саны - 77, екінші ішкі конкурстар (кез келген мемлекеттік қызметшілер қатыса алады) саны - 41, жалпы конкурстар (барлық азаматтар қатыса алады) саны 122-ні құрайды.

Бірінші ішкі конкурстар нәтижесінде 17 мемлекеттік қызметшінің лауазымы, екінші ішкі конкурстар негізінде төрт мемлекеттік қызметшінің лауазымы жоғарылады. Жалпы, конкурстар негізінде 44 адам мемлекеттік қызметке қабылданып, оның ішінде төменгі болып табылмайтын лауазымдарға үш адам қабылданды.

Көп адамдардың көкейінде жүрген сұрақтардың бірі мемлекеттік қызметке қалай кіруге болады немесе тестілеу қалай өтеді? Осы мерзімге дейін түскен ұсыныстарды саралау нәтижесі бойынша, белгілі бір заңнан шекті мәніне бір бал жетпей көпшілігі тестілеудің оң бағасын ала алмаған. Азаматтар мен қоғамдық институттар ұсыныс негізінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мен заңнамаларын білуге арналған тестілеу ережесі 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңадан қабылданды.

Тестілеу үш бағдарламадан тұрады. Бірінші бағдарлама: тоғыз заң, 110 минут, тестілеуден өту мәні - барлық нормативтік-құықтық актілер бойынша сұрақтардың жалпы санының (135 сұрақ) 95-тен кем емес дұрыс жауаптар және әрбір нормативтік-құқықтық актілер бойынша бестен кем емес дұрыс жауаптар. Екінші бағдарлама: сегіз заң, 100 минут, тестілеуден өту мәні - барлық нормативтік-құқықтық актілер бойынша сұрақтардың жалпы санының (120 сұрақ) 72-ден кем емес дұрыс жауаптар және әрбір нормативтік-құқықтық актілер бойынша 5-тен кем емес дұрыс жауаптар. Үшінші бағдарлама: алты заң, 80 минут, тестілеуден өту мәні - барлық нормативтік-құқықтық актілер бойынша сұрақтардың жалпы санының (90 сұрақ) 45-тен кем емес дұрыс жауаптар және әрбір нормативтік-құқықтық актілер бойынша 5-тен кем емес дұрыс жауаптар.

2016 жылдың төрт айында Батыс Қазақстан облысының тестілеу орталығына өтуге жалпы саны 920 адам өтініш білдірген. Оның ішінде қаңтар айында 111 (соның ішінде 64 шекті мәнді жинаған, 47-сі шекті мәнді жинай алмаған), ақпан айында 186 (соның ішінде 80 шекті мәнді жинаған,106-сы шекті мәнді жинай алмаған), наурыз айында 144 (соның ішінде 72 шекті мәнді жинаған, 72-сі шекті мәнді жинай алмаған), сәуір айында 233 (соның ішінде 109-ы шекті мәнді жинаған, 124-і шекті мәнді жинай алмаған), мамыр айында 246 (соның ішінде 98 шекті мәнді жинаған, 148-і шекті мәнді жинай алмаған), тестілеуден өтті. Жалпы, өтініш білдіргендердің 46%-ы тестілеудің шекті мәнінен өтіп, тестілеудің оң қорытындысын алған.

Шекті мәннен жоғары нәтижелер алған кандидат 20 минуттың ішінде автоматтандырылған жеке қасиеттерін бағалау тестілеуіне жіберіледі. Автоматтандырылған жеке қасиеттерін бағалау шеңберінде кандидаттардың даму деңгейлері анықталады: жігерлілігі, коммуникативтілігі, талдамалылығы, ұйымдастырушылығы, мінез-құлқы, сапаға бағдарлануы, тұтынушыға бағдарлануы және сыбайлас жемқорлыққа шыдамсыздығы. Заңнаманы білуге арналған тестілеу нәтижелері бойынша сертификат, жеке қасиеттерін бағалау нәтижелері бойынша қорытынды беріледі. Олар бір жыл ішінде қолданылады және мемлекеттік органдармен әңгімелесу нысанында өткізілетін үшінші сатыға - жалпы конкурсқа қатысу үшін құжаттардың ажырамас бөлігі болып табылады.

Біз бұл жерден меритократия, яғни мемлекеттік қызметтің мансаптық моделінің айқын жолын көреміз. Бұрынғыдай өзінің танысын немесе біреудің телефон арқылы мемлекеттік қызметшінің лауазымын көтереді деген заңмен шектелген. Мемлекеттік қызметшінің лауазымын жоғарылатушылық және жариялы түрдегі конкурстар негізінде іске асырылады. Байқаушылар мен сарапшылар ол конкурстың әңгімелесу сатысына міндетті түрде қатысуы заңдастырылған.

Міне, бұл жұмыстардың нәтижесі «Қазақстан - 2030» стратегиясында негізі салынған мемлекеттік қызметтің тиімді моделінің қалыптасқанын көрсетеді. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бірінші институционалды реформасын іске асыру алыс және жақын шетелдердің тәжірибесін назарға ала отырып жүргізілуде.

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметшілер үшін жаңа Әдеп кодексі бекітілді. Осы уақытқа дейін болған тәртіптік істері жөніндегі комиссиялар жұмыстарын тоқтатып, оның орнына жаңадан әдеп жөніндегі комиссиялар құрылды.

2016 жылдың бес айында ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің БҚО бойынша департаменті жанындағы әдеп жөніндегі кеңестің төрт отырысы оздырылды. Әдеп жөніндегі кеңестерде 23 мемлекеттік қызметшінің ісі қаралып, Әдеп кодексі нормасын сақтамағаны үшін бес мемлекеттік қызметшіге ескерту, мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылыққа жол бергені үшін жеті мемлекеттік қызметшіге қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту берілді. Ал іс-әрекеттерінде тәртіптік теріс қылық жасау белгілерінің болмауына байланысты 11 мемлекеттік қызметшінің істері тоқтатылды.

Бұл жерден әдеп жөніндегі кеңестің мемлекеттік қызметшілерді тек жазалау үшін ғана құрылған кеңесші орган емес екендігіне көз жеткізуге болады. Әдеп жөніндегі кеңеске келіп түскен әр материал жіті зерделеніп, комиссия мүшелеріне ұсынылады. Кеңес құрамында үкіметтік емес ұйым, кәсіподақ, кәсіпкерлер палатасының өкілдері енгізілген.

Өкінішті жері 12 мемлекеттік қызметшінің әдеп жөніндегі кеңестің тарапынан берілген ұсыныс негізінде жазалануы, әлі де болса, мемлекеттік қызметшілердің өз істеріне жауапты қарамауы (жауапсыздығы) немесе жаңадан енгізілген заң нормаларын білмеуі байқалады. Мемлекеттік қызметшілер мұндай олқылықтарға жол бермеуі үшін, олар әрдайым өздерін жетілдіріп отыруы қажет.

«Білікті маманның кез келген кәсіпорын үшін маңызды ғана емес, сонымен қатар кәсіпорынның пайда табуы мен өміршеңдігі бағытында да орны ерекше. Ал бұл жағдайды мемлекет тарапынан қарайтын болсақ, онда әрбір мемлекеттік қызметші «Жүз жыл өмір сүрсең, жүз жыл білім ал, оқы» деген қанатты сөзін естерінде ұстануы арқылы, мемлекетіміздің «Мәңгілік ел» болуына үлес қоса алады. «Мәңгілік ел» идеясын іске асыруда «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының төрт және бес реформалары «Біртектілік пен бірлік» пен «Есеп беретін мемлекеттік қалыптастыру» бағыттары бойынша жүргізілуде. Осы аталған жұмыстардың барлығы кәсіби мемлекетті аппаратты құруға бағытталған. Әр мемлекеттік орган, әр мемлекеттік қызметші «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыра отырып, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясына негізделген қазақстандық бірегейлік пен бірлікті ілгерілету үшін еңбектенеді», деп түйіндеді ойын М.Нұртазин.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам - Ұлт жоспарының ең алғашқы бөлімі Мемлекетті кәсібилендіру деп аталады.

«Біздің бірінші реформамыз «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң негізінде мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Мемлекеттік қызметтің реформасын біз алғашқы заңнамалық акт - Президенттің «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы» заң күші бар Жарлығы қабылдануының 20 жылдығы тұсында жүзеге асыра бастауымыздың нышандық мәні бар.

1995 жылдың желтоқсанында бұл құжат тек Қазақстан үшін ғана емес, сондай-ақ, бүкіл ТМД кеңістігі үшін инновация болғанын атап өту маңызды.

Біз барлық посткеңестік елдердің ішінде алғаш болып мемлекеттік қызметшілердің жаңа кадрлық корпусын конкурс және меритократия қағидаттары арқылы қалыптастыруға кірістік.

Қазір қазақстандық мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі бастау алды.

Менің Жарлығыммен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрлік, оның құрылымында - Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұлттық бюросы құрылды.

Осылайша, тек мемлекеттік қызмет жүйесі ғана емес, сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл танытатын, яғни жемқорлық көріністерінің барынша алдын алуға бағдарланған жүйе де жаңғыртылып отыр.

Бұл жерде жемқорлықпен күрестің өзі барынша дәйекті бола түседі және жүйелі сипатқа ие болады.

Міне, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы жаңа заң осындай ұстанымдарға негізделсе, оның өзі халықаралық стандарттарға бағдарланған және жаңа жылдан бастап күшіне енді.

Жемқорлыққа қарсы жаңа заңнамамен өзара байланыста және сонымен қатарласа қабылданған мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң мемлекеттік қызметтің жаңартылған моделінің негізгі шеңберлерін және мемлекетті басқарудың барлық жүйесінің тиімділігін күшейту бойынша одан арғы іс-қимылдардың рет-тәртібін айқындайды.

Біріншіден, әкімшілік мемлекеттік қызметшінің мансабы оның біліктілігі және жинақтаған тәжірибесі есепке алына отырып құралады.

Мансаптық сатының әр баспалдағында ол өзінің кәсіби жарамдылығын дәлелдеп отыруға тиіс болады.

Жаңа заңға бірқатар қағидатты нормалар енгізілген.

Мемлекеттік қызметке орналасу тек кешенді іріктеу мен жұмысты тек төменгі лауазымдардан бастаудың нәтижелері бойынша мүмкін болады.

Жұмыс тәжірибесі мемлекеттік қызметшінің мансаптық ілгерілеуінің басты шарты болады және мұнда да тек конкурстық негізде жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, жекелеген мемлекеттік қызметшілер ротацияларының мүмкіндігі көлбеуінен және тігінен оларды қызметтік баспанамен қамтамасыз ете отырып қарастырылған.

Екіншіден, мемлекеттік қызметке ашық конкурс арқылы және Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімі бойынша келісімшарттық негізде мемлекеттік емес сектордағы басқарушылар қатарынан азаматтар және шетелдік менеджерлер тартыла алады.

Үшіншіден, мемлекеттік қызметшіге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі оның біліктілігі мен атқаратын жұмысының сипатына, көлемі мен нәтижесіне байланысты заң тұрғысынан бекітіледі. Аса нәтижелі қызмет үшін бонустар төлеу қарастырылған.

Мұндай жүйені 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізу жоспарланып отыр.

Бұл жерде 2016 жылы бүгінде «Б» корпусына кіретін мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы жоғарылайтынын айта кету керек.

Төртіншіден, заңда саяси мемлекеттік қызметшілер ауысқан кезде мемлекеттік аппараттың автономдығы мен тұрақтылығы қағидаты нақты жазылған.

Министрлер мен орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларының өкілеттіктері егжей-тегжейлі дәлдеп ажыратылған.

Бесіншіден, шенеуніктер ортасында этикалық нормаларды бұзуға әкелетін және жемқорлық құбылыстар туындататын жағдайлардың алдын алу бойынша қатаң шаралар қарастырылған.

Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс пен тұрмыстағы жүріс-тұрысының қалыптары регламенттелген Мемлекеттік қызметшілердің жаңа этикалық кодексі жасалды.

Сондай-ақ, жаңа институт - этика бойынша өкілетті өкілдер институтын құру көзделіп отыр. Олар азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерге кеңес беріп, олардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін болады.

Алтыншыдан, мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңның маңызды қыры оның арқаулық нормаларының құқық қорғау органдарына да қатысты болатынымен байланысты.

Бұл жерде құқық қорғау органдарындағы қызметтің ерекшелігі қолданыстағы «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңда ескерілген.

Жетіншіден, жаңа заң негізінде және еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілгеннен кейін «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерін жаңа біліктілік талаптарына сәйкестігі бойынша кешенді аттестаттаудан өткізу жоспарланған.

Аттестаттау кезеңінде мемлекеттік қызметке орналасуға конкурстар өткізуге мораторий жарияланатын болады.

Қызметшілердің біліктілігін 3 жылда бір реттен кем болмайтындай етіп міндетті арттырып отыру заң тұрғысынан бекітіледі.

Тұтастай алғанда, мемлекеттік қызметті жаңғыртудың негізгі қырлары осындай.

Мен оны Қазақстандағы барлық жаңғырту үдерісі ой-ниеті табысының шешуші тетігі ретінде қарастырамын», - деп атап өткен болатын Елбасы.

Сондай-ақ 100 нақты қадамның бір бағыты «Қоғамға есеп беретін ашық мемлекет» деп аталады.

Транспарентті және есеп беретін мемлекет қалыптастыруға бағытталған бесінші реформа шеңберінде бірнеше түйінді міндеттерді шешуге тура келеді.

Біріншіден, «Үкімет азаматтар үшін» Мемлекеттік корпорациясы құрылатын болады.

Бұл жаңа құрылымға қазір жұмыс істеп тұрған «Халыққа қызмет көрсету орталығы», «Жылжымайтын мүлік орталығы», «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы», «Зейнетақылар төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» республикалық мемлекеттік кәсіпорындары біріктіріледі.

Азаматтар мемлекеттік қызмет көрсетудің ортақ провайдеріне ғана өтініш береді.

Бұл оларды ұсынудың мөлдірлігін қамтамасыз етіп, қажетсіз әкімшілік кедергілерді және сұрау салынатын құжаттар тізімін қысқартады.

Қызмет көрсететін мемлекеттік органдар корпорацияға өз өкілеттіктері шеңберінде барынша ықпал жасап, сондай-ақ, бүкіл мемлекеттік қызмет көрсетулердің 2017 жылдың соңына дейін берілуін қамтамасыз етуі тиіс.

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына Үкімет өкілі жаңа Корпорация болып табылатын ортақ Провайдер, сондай-ақ, ҮЕҰ құратын арнаулы қоғамдық кеңес бақылау жасайтын болады.

Екіншіден, мемлекеттік басқарудың бүкіл жүйесі нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағдар ұстанады.

Ол үшін жыл сайын Үкімет, министрлер, әкімдер үшін және осылайша мемлекеттік органның әрбір құрылымдық бөлімшелеріне дейін мақсатты индикаторлар қабылданатын болады. Барлық мемлекеттік қызметшілер өздерінің басшылығы бекіткен жеке жоспарлар бойынша жұмыс істейді.

Мансаптық дәреже, олардың біліктілігі, атқаратын функциясы және оған бекітілген өкілеттіктер негізінде мемлекеттік қызметшілердің ағымдағы тапсырмаларды орындау жүйесін жеңілдету де маңызды.

Үшіншіден, сапалы жоспарлауды жүзеге асыру үшін мемлекеттік статистиканың анықтығын қамтамасыз ету қажет.

Сондықтан сапалы статистикалық мәліметтер беруде респонденттер мен әкімшілік көздерінің жауапкершілігін арттыру маңызды.

Осы жайлардың бәрі нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу барысында ескерілген.

Төртіншіден, менің тапсырмам бойынша мемлекеттік органдардың бағдарламалық құжаттарына ревизия және оңтайландыру жүргізілді.

Бұдан әрі де барлық деңгейлердегі бағдарламаларды жоспарлауда, әзірлеуде және жүзеге асыруда ЭЫДҰ ұсынымдамаларына негізделген 5 шешуші қағидат - негізділік, сабақтастық, транспаренттілік, мониторинг және бақылауды нақты сақтау қажет.

Аумақтарды дамыту бағдарламалары да осы тұрғыда қайта пішімделуі тиіс.

Барлық жаңа мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды Премьер-Министр басқаратын консультативтік-кеңес беруші орган қарауы керек.

Бесіншіден, Бюджет кодексіне өзгерістер мен толықтырулар қабылданды.

Мемлекеттік органдарға түпкі нәтижелерге қол жеткізу үшін бюджет қаржыларын шұғыл түрде қайта бөлу құқы берілді.

Құрылым және штат саны бойынша шешімдер қабылдауда олардың өкілеттіктері кеңейтілді, ол білікті мамандар тарту үшін маңызды.

Алтыншыдан, мемлекеттік басқару органдарының жұмысына баға берудің жаңа жүйесі сыртқы тәуелсіз аудиттің міндеттілігі, жариялылығы жұртшылықпен кері байланыс, басшылардың дербес жауапкершілігі қағидаттарына негізделеді.

Бағдарламалық құжаттардың орындалуы мен мемлекеттік органдар қызметі бағасының берік өзара байланысын қалыптастыру маңызды.

Мемлекеттік аудит жүйесін жетілдіру шеңберінде Есеп комитеті мен қаржылық бақылау органдарын реформалау жоспарланып отыр. Олар сараптамалық-талдамалық құрамдастарды күшейте отырып, әлемдік аудиторлық компаниялар моделі бойынша жұмыс істеуі тиіс.

Оның сыртында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жыл сайынғы аудиті, әсіресе, бюджет қаржыларын пайдалану бөлігінде аутсорсингке беріледі.

Жетіншіден, мемлекеттің транспаренттілігі мен есептілігінің негізгі критерийлерінің бірі халықтың ақпараттарға қолжетімділігін кеңейту болып табылады.

2016 жылдан бастап азаматтар мен заңды тұлғалардың сауалдары бойынша, мемлекеттік құпиялар мен өзге де заңмен қорғалатын құпиялардан басқа, мемлекеттік органдардың барлық ақпараттарына қолжетімділік қамтамасыз етілетін болады.

Жеке компаниялар да, егер олар қоғамдық функциялар атқарса немесе бюджет қаржыларын алушылар болып табылса, ақпараттар ашықтығы ережесін ұстануға тиіс болады.       

Бұл орайда мемлекеттік органдардың жаңа, азаматтар үшін қолайлы және түсінікті ақпараттарды беру пішімін әзірлеуі және енгізуі талап етіледі. Қазіргі бар порталдарды жаңғырту, сол сияқты селолық елді мекендерді жоғары шапшаңдықты трафикпен қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыстар атқаруға тура келеді.

2016 жылдан бастап орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда автономды, дербестік, жариялылық, мерзімді ротация қағидаттарында жаңа Қоғамдық кеңестер құрылып, жұмыс істеп тұрғандары қайта пішімделетін болады.

«Қоғамдық кеңестер туралы» заңға сәйкес бұл институт қоғамдық бақылаудың жаңа тиімді тетіктеріне ие болды.

Кеңестер құрамы квоталық қағидат бойынша құрылады, бірақ олардың мүшелерінің үштен екіден кем емес бөлігін жұртшылық өкілдері құрауы тиіс.

Кеңестер басында мемлекеттік қызметте жоқ белгілі қоғам қайраткерлері тұруы тиіс.

Қоғамдық кеңестерге меморгандардың бюджеттік бағдарламаларының жобаларын және олардың орындалуын, стратегиялық жоспарларды, аумақтарды дамыту бағдарламаларын талқылау құқы беріледі.

Олардың отырыстарында мақсатты индикаторларға қол жеткендігі туралы атқарушы органдардың есептері тыңдалып, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің жобалары қаралатын болады.

Атқарушы биліктің барлық сатылары мен Үкімет мүшелерінің азаматтар алдындағы есептері қарастырылған.

Олар, сондай-ақ, заңнамаларды жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеп, мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізетін болады.

Кеңестердің шешімдері ұсынымдамалық сипатқа ие болады,  бірақ олардың қаралуы мемлекеттік органдар үшін міндетті.

Ұлт жоспарында сонымен бірге Мемлекет функцияларын бәсекелесті ортаға және жергілікті өзін-өзі басқаруға беруге де назар аударылады.

Мемлекеттің дамуы бірқатар мемлекеттік функцияларды бәсекелестік ортаға беруді талап етеді, ал олар бүгінде, бүтіндей алғанда, 4,5 мыңға жуық.

Осы мақсатта Премьер-Министрдің орынбасарының басшылығымен, оның құрамына Парламент депутаттарын, орталық атқарушы органдар басшыларын, «Атамекен» ҰКП, Қазақстанның Азаматтық альянсы өкілдерін қоса отырып, тұрақты жұмыс істейтін Комиссия құрылады.

Оның шеңберінде әрбір меморган бойынша бәсекелесті ортаға берілетін функциялар тізімі анықталады. Сондай-ақ, бәсекелесті ортаның берілетін мемлекеттік функцияларды, жұмыс істеп тұрған регламенттерді, сондай-ақ, бағалар мен сапа критерийлерін жүзеге асыруға дайындығын ескере отырып, оларды беру пішінін таңдап алу қажет.

Комиссия мемлекеттік функцияларды беру регламентін қарастырып, мониторинг жүргізеді және олардың орындалу сапасына бақылау жасайды.

«Оларға үш сатыда берілетін жергілікті өзін-өзі басқару органдарына қосымша өкілеттіктер беру орталық деңгейдегі реформалардың заңды жалғасы болуы тиіс.

Бірінші сатыда (2016-2017 жылдар):

- аудан әкімінің аудандық маңыздағы қала, кент, село және селолық округ әкімі лауазымына ұсынатын кандидатурасын одан әрі аудан мәслихатына және сайлау өткізуге енгізу үшін келісу;

- әкімді босату туралы мәселеге бастамашы болу;

- жергілікті қоғамдастықты дамыту туралы бағдарламалық құжаттар жобаларын қарау және абаттандыру мен қоғамдық тәртіптің көкейкесті мәселелерін талқылау;

- қолма-қол ақшаның бақылау шоты есебінен алынған мүлікті иеліктен шығаруда аудан әкімі ұсынысын қарау;

- елді мекендер шеңберіндегі жер телімдерінің мақсатты пайдаланылуын және жеке тұлғалардың заңсыз иеленуіне жол бермеуін бақылау;

- жергілікті қоғамдастықтың мемлекеттік мекемелеріне басшылар тағайындау бойынша ұсыныстар енгізу;

- оларға қосымша екі салықты - көлік және заңды тұлғалардан жер салығын алу құқын беру жолымен жергілікті өзін-өзі басқарудың салықтық әлеуетін күшейту.

Екінші сатыда (2018 жылдан бастап):

- аудан мәслихаты бекіткен жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін сатылап қалыптастыру;

- әкімнің аудандық мәслихатқа бекіту үшін енгізген жергілікті қоғамдастық бюджетінің жобасын Жиналыстың келісуі және олардың орындалуы туралы есепті мәслихатқа ұсыну үшін қолдау;

- жергілікті қоғамдастықтың коммуналдық меншікті басқару мәселелері;

- бюджетті тұрғындары 2 мың адамнан асатын әкімшілік-аумақтық бірлік үшін ғана енгізу және оны аудандық мәслихаттың бекітуі;

- «Жергілікті өзін-өзі басқару коммуналдық меншігі» институтын енгізу;

- олардың әлеуетін ұлғайту мақсатында селолық округтер деңгейінде әкімшілік-аумақтық бірлікті нығайту мәселесін әзірлеу.

Үшінші сатыда (2020 жылдан) төмендегілер қарастырылады:

- жергілікті өзін өзі басқарудың өкілді органын құру;

- халқының саны 2 мың адамнан кем емес елді мекендерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу;

- қоғамдық маңызды мәселелерді қамтитын жергілікті бюджеттердің жобалары бойынша азаматтардың ұсыныстарын қарау ресімдерін енгізу.

Осы шаралардың бәрін орындау мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдау үдерісінің мөлдірлігін арттырады және жергілікті өзін өзі басқару жүйесін дамытуға жағдай жасайды», деп атап өткен болатын Мемлекет басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлт жоспарын іс жүзінде жүзеге асыру кезеңі басталды. Ол Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның бақылауымен жүретін болады.

Барлық мемлекеттік органдардан, қоғамдық институттар мен азаматтардан іс-қимылдың үйлесімділігі, табандылық, креативтілік және қажырлылық талап етіледі.

«Бізге үлкен жолдан өтуге тура келеді, ол бойынша біз қазір алғашқы 100 қадамды жасаудамыз. Басқа қадамдар да болады, мен оған айна-қатесіз сенімдімін. Эволюциялылық және тұтастай қамтушылық - ширек ғасырлық мерейтойына қадам басып, біздің Тәуелсіздігіміздің тарихын алға бастырып отырған жаңғырту үдерісінің басты қағидаты да осы. Біздің бәріміз жаңғыртудың тек қуатты мемлекет пен Ұлттың топтасқандығы жағдайында ғана табысты болатынын естен шығармауға тиіспіз. Ол тәртіпке бастауы тиіс.

Біріншіден, мемлекеттегі тәртіпке.

Екіншіден, барша үшін де міндетті заңдардың қаріпінде бейнеленген бизнестегі барша үшін мөлдір және міндетті ережелерді орнатуға.

Үшіншіден, қоғамдық және саяси өмірдегі тәртіп пен келісімге.

Біз көптеген сынақтарға абыройлы төтеп бердік, шынықтық, рухымызды күшейттік. Біз жаңа Қазақстанды - Ұлы Дала Елін құрдық.

Ұлт жоспарын орындай отырып, біз өзіміздің Ұлттың Өрлеу Дәуірінің көкжиектерін кеңейтеміз, өзіміз Тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген және бізге жаһандық даму берген барлық мүмкіндіктерді пайдаланамыз.

Әлемде, сөз жоқ, үшінші әлемнен біріншіге қадам басқан елдердің мысалдары бар. Біз олардың жарқын тәжірибелерін зерттейміз және ескереміз.

Қазір біз экономиканың, мемлекет пен қоғам дамуының ең табысты жаһандық модельдерін өлшем ретінде аламыз.

Бүгінде әлемде өзінің жалпыұлттық арманын ұмыт қалудың жүзжылдығынан шыға отырып, әлемнің ең ұлы ұлттарымен бір қатарда тұру тұрғысында бейнелейтіндер кем де кем.

Біз Қазақстанның осынау тарихи тағдырына сенеміз.               

Мен қазақстандықтарды Ұлт жоспарын жүзеге асыруға және реформаларды жүргізуге барынша белсенді қатысуға, олар ашатын мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын.

Біз өзіміздің қазақстандық арманымыздың орындалуына және Қазақстанның өркендеуіне сенімді түрде қол жеткізетін боламыз!», деді Елбасы.