Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қасым-Жомарт Тоқаев China Communications Construction Company президентін қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев China Communications Construction Company президенті Чжан Биньнаньді қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев China Communications Construction Company президенті Чжан Биньнаньді қабылдады
Фото: Ақорда

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде еліміздің көлік-логистикалық және энергетикалық әлеуетін нығайту тұрғысынан стратегиялық маңызға ие бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысы талқыланды.

Мемлекет басшысы Қазақстанда біраз жылдан бері жұмыс істеп, күрделі инфрақұрылымдық шешімдерді табысты іске асырған СССС компаниясы бүгінде сенімді әрі кәсіби серіктес ретінде танылғанын айтты.

Президент Бақты — Аягөз теміржол құрылысының стратегиялық мәніне назар аударды. Бұл желі Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалын айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Каспий теңізінің табанын тереңдету жұмыстарын жүргізу үшін бірлескен кәсіпорын құрудың маңызы атап өтілді.

Мемлекет басшысы бірлескен кәсіпорын Каспий маңы елдері мен одан тысқары жерлерде қауіпсіз теңіз қатынасын қамтамасыз ету қызметін ұсынатын өңірлік орталық қалыптастыруға септігін тигізетініне сенім білдірді.

Әңгімелесу барысында энергетика саласындағы келешегі зор бастамалар талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы сапар аясында Қазақстандағы алғашқы гидрожинақтаушы электр станциясы құрылысының жобасын бірлесе әзірлеу туралы келісімге қол қойылуын құптады.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл нысан ұлттық энергия жүйесін нығайта түседі.

Қуаттылығы 600 МВт болатын гидростанцияны СССС компаниясына еншілес China International Water & Electric Corporation кәсіпорнының қатысуымен Алматы облысындағы Қарғалы өзенінде салу жоспарланып отыр.

Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Contemporary Amperex Technology Co. Ltd. (CATL) директорлар кеңесінің теңтөрағасы Пань Цзяньмен жоғары технология саласындағы ұзақмерзімді ынтымақтастық перспективасын талқылағанын хабарлағанбыз.