Қасым-Жомарт Тоқаев: Диалог жоқ жерде, қарсылық пен түсініспеушілік туындайды

АСТАНА. KAZINFORM – Алмағайып заманда стратегиялық бағдарға сай әрекет ету – Қазақстан халқының алдында тұрған аса маңызды міндет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында осындай пайым айтты.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясы
Фото: Ақорда

- Берекесіздікке бой алдырмау үшін әлемдік қауымдастық мүдделер тоғысатын тұсты іздеуге, күрделі шешімдер қабылдауға және амалсыз мәмілелер жасауға мәжбүр болады. Диалог жоқ жерде, қарсылық пен түсініспеушілік туындайды. Қазіргі сын-қатерлерді ауқымды халықаралық ықпалдастық арқылы ғана жеңе аламыз деп сенемін. Өзара біте қайнасқан әлемде ғаламдық мәселелерді шешудің бұдан басқа жолы жоқ. Сондықтан прагматизм мен өзара құрметке, теңдікке, әділдікке, ешкімді алаламауға негізделген сындарлы келіссөздер мен тұрақты байланыстар халықаралық жағдайды оңалтып, шиеленістердің түйінін тарқатады, - деді Президент.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, қазір бүкіл әлемнің болашағы бұлыңғыр болып тұр.

- Осы алмағайып заманда стратегиялық бағдарымызға сай әрекет ету – алдымызда тұрған аса маңызды міндет. Біз қолға алған ауқымды жобаларды жүзеге асыра береміз. Елімізге инвестиция тартып, өнеркәсіп саласындағы әлеуетімізді арттырамыз. Біз қазіргі ахуалды ескере отырып, ұзақ мерзімге арналған мақсаттарымызға қол жеткізу үшін тиянақты әрі тиімді жұмыс істеуіміз керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІV сессиясы өтіп жатыр. 

Кеңейтілген отырыстың күн тәртібі — «Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы: қорытындылар және болашақ міндеттер».

Соңғы жаңалықтар