Қасым-Жомарт Тоқаев елордада жол-көлік оқиғаларының көбейгеніне алаңдаушылық білдірді
АСТАНА. KAZINFORM - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде биылғы он бір айда Астанада жол-көлік оқиғасынан 675 бала зардап шегіп, бес бала қаза болғанын атап өтті.
-Жалпы, қалада құрылыс өте көп. Көлік саны да аз емес. Бұл жағдай, бір жағынан, тұрғындардың, әсіресе, балалардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп жатыр.
Жұрт үйлердің арасында жаяу жүргіншілер жолағы, жылдамдықты шектеу белгілері жоқ деп шағым айтады. Мұның қандай себеппен болып жатқанын ешкім білмейді.Ауланы жарықтандыру мәселесі де өзекті. Мен өзім бұл мәселеге баса назар аударып отырмын. Әсіресе, тұрғын-үйлер және білім беру мекемелерінің маңындағы жүк көліктерінің қозғалысын реттеу қажет,-деді Президент.
Сондай-ақ ол шешілмей жатқан тағы бір мәселе – көлік тұрақтарының жетіспеушілігі екенін атап өтті.
-Бұл мәселені ретке келтіретін кез келді. Шетелдің озық тәжірибесін қолдану керек. Мысалы, көпқабатты тұрақтар салуға болады,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыған дейін Мемлекет басшысы қалдықтарды қайта өңдеудің заманауи жүйесін қалыптастыруды жеделдету керектігіне назар аударды.