Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевті туған күнімен құттықтады
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентімен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевті туған күнімен құттықтап, бауырлас өзбек халқының игілігі жолындағы жауапты мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.
Сонымен қатар Шавкат Мирзиёевтің парасатты басшылығының арқасында Өзбекстан әлеуметтік-экономикалық даму мен халықаралық беделін арттыруда мол табысқа қол жеткізіп, кешенді реформалар арқылы сенімді түрде ілгерілеп келе жатқанына назар аударды.
— Мемлекет басшысы Өзбекстан көшбасшысының екі ел арасындағы достық және тату көршілік рухындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын атап өтті, — делінген хабарламада.
Тараптар бүгінде қазақ-өзбек ынтымақтастығы қарқынды екенін атап өтіп, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланысты тереңдету перспективасын талқылады.
Президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібінде өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, алдағы кездесулер кестесін қарастырды.
Бұдан бұрын Мемлекет басшысы Мысыр Президентіне құттықтау жеделхатын жолдағанын жаздық.