Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттерін Каспий және Арал теңізіндегі экологиялық мәселені бірігіп шешуге шақырды

Арал
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

ШУША. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Каспий және Арал теңіздеріндегі экологиялық мәселелерді шешу үшін бірлескен күш-жігер қажет екеніне назар аударды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы Каспий теңізіндегі экология мәселесі, Арал теңізінің құрғап, шөлге айналуы алаңдатарлық жағдай екенін айтты.

– Каспий теңізінің логистикалық әлеуетін арттыру маңызды дедік. Бірақ ондағы экология мәселелерін де назардан тыс қалдырмау қажет. Мысалы, өзекті түйткілдің бірі – теңіздің тартылуы. Оның қоршаған ортасын, флорасы мен фаунасын қорғау да – аса маңызды міндет. Каспийді құтқару үшін нақты шешімдерді пысықтау керек. Осы ретте, түркі елдері ғалымдарының ықпалдастығын жандандыратын кез келді. Сонымен қатар Арал теңізінің құрғап, шөлге айналуы – алаңдатарлық мәселе. Экологиялық апатқа ұшыраған аймақты оңалту керек. Бұған қоса, трансшекаралық өзендердің су қорын тиімді пайдалану қажет. Ол үшін су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану керек, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, бүгінгі басқосудың маңызды мәселелерді жан-жақты талқылауға мүмкіндік бергенін атап өтіп, осындай кездесулер түркі әлемінің халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға және бауырластық байланыстарды нығайтуға зор үлес қосатынын айтты.

Айта кетейік, Шушада «Көлік, коммуникация және климаттық өзгерістерді бақылау арқылы баянды болашақ құру» тақырыбында Түркі мемлекеттері ұйымы бейресми саммиті өтті.

Соңғы жаңалықтар