Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға сапары: жергілікті БАҚ не жазды
АСТАНА. KAZINFORM – 12 наурызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға екі күндік мемлекеттік сапары аяқталды. Әзербайжан бұқаралық ақпарат құралдары бұл оқиғаны «екі мемлекеттің байланыс пен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылысы» деп бағалады.


Әзербайжандық саясаттанушы Кенан Ровшаноглу: «Тоқаевтың Бакуге сапарының басты мақсаты — әріптесі Ильхам Әлиевпен Еуропа нарығына Әзербайжан аумағы арқылы шығу мүмкіндігін талқылау», — дейді Sputnik Әзербайжанға білдірген пікірінде. Сонымен қатар, ол екі ел басшылары мұнай мен газ экспортын әртараптандыру туралы келісімге келе алатынын айтты.
«Қазақстан мен Әзербайжанның экономикалық басымдықтары — «Орта дәлізді» дамыту, Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық кабель тарту, уранды сату және тағы басқалары бар. Соңғы жылдары Әзербайжан еуропалық нарыққа газ және энергияның жаңа жеткізушісі ретінде танылды. Бұл ретте, Әзербайжан үшін Орталық Азия республикаларының энергетикалық мүмкіндіктері маңызды», — дейді.
Оның пайымдауынша, Орталық Азия газын Еуропаға жеткізу және көлік дәлізін дамыту Әзірбайжанның рөлін одан әрі арттыра түспек.
«Қазақстан — бұл мәселеде шешуші елдердің бірі», — дейді саясаттанушы.
Әзербайжан мен Қазақстан осыдан отыз жыл бұрын ұзақ мерзімді ынтымақтастық пен достықтың негізін қалады. Түрлі кедергілер мен күрделі геосаяси ахуалға қарамастан екі ел арасындағы әріптестік одан әрі нығайып келеді. Мұның бәрі — Ильхам Әлиев пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы қарым-қатынастарды дамытуға жұмсаған күш-жігерінің нәтижесі. Екі ел басшыларының соңғы жылдардағы маңызды қадамдары екіжақты ынтымақтастықты бекіте түсті.
«Әріптестікті дамытатын әлеует әлі аз емес. Екі елді бұдан да үлкен жетістіктер күтіп тұрғаны анық», — деп келтіреді сарапшы Марьяна Ахмедованың пікірін trend ақпарат агенттігі.

«Ғасырлар бойы қалыптасқан Әзербайжан-Қазақстан қарым-қатынасы — аймақтық халықаралық саясаттың факторы, түркі әлемі аясындағы өзара әрекеттестіктің нығайтқыш негіздерінің бірі, — дейді саясаттанушы Ильгар Велизаде Vesti.az сайтына берген пікірінде. — „Орта дәліз“ біздің елдеріміздің сауда-экономикалық ынтымақтастығының негізгі элементі болып табылады және оның кеңеюі екіжақты ғана емес, көпжақты ынтымақтастықтың мақсаттарына сәйкес келуі керек. Транскаспий халықаралық көлік бағыты да түркі әлеміндегі көлік саясатының орталық буыны болып саналады. Бұл — Қытайды Еуропа елдерімен байланыстыратын маңызды көлік артериясы және бұл тұрғыда дәліздің үш негізгі бағыты бар. Біріншіден, Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы байланыс, өйткені біздің екіжақты сауда байланысымыз осы бағытқа негізделген. Екіншіден, бұл дәліз — Түркі мемлекеттері ұйымы және түркі интеграциясы үшін маңызды буын. Сайып келгенде, бұл — Қытайды Еуропалық Одақпен байланыстыратын маңызды ішкі бағыт».
Саясаттанушы «Орта дәліз» елдері арасындағы тауар айналымының дамуы мен ұлғаюын оң бағалап, оны арттыру үшін ынтымақтастық қажет екенін атап өтті.
«Біз Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымының айтарлықтай өскенін көріп отырмыз. Мәселен, өткен жылдың соңында тауар айналымы 460 миллиард доллардан асты. Түркі мемлекеттерімен де көрсеткіштер өсіп келеді, шамамен 40 миллиард доллардан асады. Сәйкесінше, Орталық Азия географиясы елдерінің, сондай-ақ Қытайдың Еуропа құрлығы елдерімен тауар айналымы артуда. Әрине, Транскаспий бағытына үлкен жүктеме түседі және оның тиімділігін арттыру үшін Ақтау және Құрық порттарының, сондай-ақ қазір жүзеге асырылып жатқан Алят портының қолданыстағы қуатын арттыру маңызды. Сонымен қатар, аталған порттарды байланыстыратын паромдар мен осы бағытта жұмыс істейтін пойыздардың санын көбейту керек. Тараптар, әсіресе Әзербайжан мен Қазақстан негізгі байланысшылар ретінде жүк тасымалдауда пайдалануға болатын көліктер санына байланысты белсенді талқылаулар жүргізіп жатыр», — дейді.

Ильгар Велизаде қазірдің өзінде жаңартылатын энергия көздері және жасыл экономикаға көшу бойынша жобалар жүзеге асырылып жатқанын айтты. Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан жасыл энергияны өндіру және экспорттау бойынша ынтымақтастықтың үшжақты форматын іске қосып жатыр. Осы үш елдің иелігіндегі «жасыл» энергияның жалпы көлемі, әртүрлі бағалаулар бойынша 100 мг/Вт-қа жуық, бұл — «жасыл» электр энергиясын өндіру және негізгі нүктелерге тасымалдау әлеуетін көрсететін орасан зор сома. Сондықтан тараптар Каспий теңізі аймағын Еуропалық Одақпен байланыстыратын Қара теңіздің түбімен «жасыл» кабельді тартудың жобаларын белсенді түрде дамыта бастады.
«2020 жылдан бері екі ел арасындағы тауар айналымы 5 есеге жуық өсті (109-дан 529 миллион долларға дейін). Бұл таңғаларлық динамика және біз одан әрі көлемді ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», — деді Қазақстан Президенті Тоқаев.
Мұндай жоғары өсімге нақты не себеп? STEM сараптама орталығының директоры Орхан Йолчуевтің айтуынша, мұндай экономикалық өсімге, ең алдымен Әзербайжан мен Қазақстан жасаған бірегей жүйе себепші.
«Жүйе экономикалық байланыстарды дамытуға бейімделді. Әсіресе, көлік инфрақұрылымының дамуында байқалады. Атап айтқанда, біз „Орта дәліз“ туралы айтып отырмыз. Бұл — екі ел арасындағы экономикалық қатынастардың дамуында өте маңызды рөл атқарып, көлік экономикасы мен тауар айналымына әсер еткені сөзсіз. Алдағы перспективаларға келетін болсақ, бізде кең мүмкіндіктер бар. Ең бастысы — байланыстарды кеңейту және тараптардың әрқайсысы үшін әлеуетті пайданы арттыру бойынша алдағы қадамдарды дұрыс жүзеге асыру», — деді сарапшы.
Оның айтуынша, қос мемлекет арасындағы қарым-қатынаста амбициялар артқан.
«Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы әріптестіктің экономикалық құрамдас бөлігі дами түседі. Қазіргі жүк ағыны тағы 4 есеге артады деп күтіліп отыр. Сондай-ақ теңіз порттарын жаңғырту және теміржол желілерін кеңейту бойынша бірлескен жұмыстар жүргізіледі. Бұған қоса, Грузияны да ұмытпау керек, ол өз кезегінде Әзербайжанмен және Қазақстанмен бірлесе отырып, өзіне экономикалық өсу мүмкіндігін белсенді түрде жасауға тырысып отыр», — деп атап өтті сарапшы.

Сарапшының пікірінше, логистика өте маңызды элемент, онсыз экономикалық қатынастардың одан әрі дамуын елестету қиын. Ол елдер арасындағы экономикалық байланыстардың салаларының дамуына әсер етеді. Тағы бір жоба — Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту.
«Талшықты-оптикалық желілер жаһандық байланысы бар елдер үшін қосымша байланыс арнасына айналады. Негізінде әлемдегі геосаяси турбуленттілік Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайта түседі. Себебі, мұндай жағдайға тап болған әрбір мемлекет көршілерімен тиімді және достық қарым-қатынастар арқылы өз айналасында қауіпсіз орта құруды қалайды», — деді О. Йолчуев.
Аналитикалық орталық директорының айтуынша, Әзербайжан — қазақстандық өнімді негізгі сатып алушылардың бірі. Екі басшы да экономикалық байланыстарды жоғары деңгейде ұстап тұруға үлкен мән береді. Түркі мемлекеттері ұйымы туралы да ұмытпау керек.
«Түркі мемлекеттері ұйымы аясында Әлиев те, Тоқаев та барлық елдер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық үшін қолдан келгеннің бәрін істеп отыр. Бұл туралы Қазақстан Президентінің өзі де атап өтіп, 1,5 миллиард долларды құрайтын ЖІӨ өсімінің көрсеткіштерін нақтылады. Түркі мемлекеттері ұйымы елдері халықаралық аренада да, өз елдерінде де қауіп-қатерлерге және қиындықтарға тап болады. Сондықтан елдер арасында жақсы саяси және экономикалық байланыстарды „қалпына келтіру“ өте маңызды. Жаңа құжаттар байланыстардың нығаюын және одан әрі перспективаларды құруды білдіреді. Бұл ретте, біз көптеген әртүрлі салаларға тоқтала аламыз. Энергетика, логистика, көлік, білім, гуманитарлық салалар, әрине, бастысы экономика — мұның бәрі дамудың негізгі бағыттары. Құжаттар ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың кілті болары анық. Ильхам Әлиев пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында зор мақсат бар, Әзербайжан мен Қазақстан екіжақты байланыстарды одан әрі нығайта береді», — деді Орхан Йолчуев.
Саясаттанушы Фикрет Садихов CBC телеарнасына берген сұхбатында Қазақстан салған Құрманғазы атындағы балалар шығармашылық орталығы және Қазақстанның Физулиде ауруханалар салу ниеті Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азияның мықты елдері — Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы бауырластық пен өзара түсіністіктің символы деп бағалады.
