Кәсіпкерлерге 2 мыңға тарта заңсыз тексеру жүргізгені үшін 200 адам жауапқа тартылды - Бас прокуратура

Тоқтала кететін жайт, өткен жолғы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Н. Назарбаев кәсiпкерлердi заңсыз тексеру көбейіп кеткенін және ол үшiн жауапқа тартылған адамдардың аздығын айтқан болатын. Прокуратура осы сынды орынды санайды. «Расында да, тексерушi органдар тарапынан биылғы жылы жоспарланған 100 мыңнан астам тексерулердiң 2 мыңын бiз заңсыз деп таныдық, оларды жоспардан алып тастадық. Аталған 2 мың факті бойынша 200 адам жауапқа тартылды. Оның 185-i - тәртiптiк, 19-ы әкiмшiлiк жауапқа тартылды. Жалпы тексерулердің 90 пайызы - санитарлық-эпидемиологиялық, төтенше жағдай, ветеринария және экология салаларының қызметкерлерi», - деді Жақып Асанов.
Бұдан бөлек, Ж. Асановтың айтуынша, осындай фактілерге қарамастан прокуратура ұсынымдарына атүсті қарайтындар да баршылық. «Сондықтан, әрбiр жергiлiктi прокурорға осы айдың аяғына дейiн өзiнiң енгiзген ұсынысы бойынша жазаланбаған кiнәлi тұлғаларды жауапкершiлiкке тарту бойынша қосымша шаралар қабылдау тапсырылды», - дедi прокурор орынбасары.