Кәсіпқой боксқа ауысу туралы ешқандай жоспарым жоқ - Серік Сәпиев

 АЛМАТЫ. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - Егер спортта қалатын болсам, міндетті түрде Рио де Жанейродағы келесі ХХХІ жазғы Олимиада ойындарында да  топ жару  басты мақсатым болады.

Кәсіпқой боксқа ауысу туралы ешқандай жоспарым жоқ - Серік Сәпиев

 Оны Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев бүгін Алматы облысы Талғар ауданы Бейқайнар ауылындағы «Арыстан» мамандандырылған лицей оқушыларымен  болған кездесу барысында айтты.

«Спорт болған соң денсаулығым да сыр беріп жүрген кейбір сырқаттарым бар. Енді жақын арада емделу үшін Германияға барып, одан кейін сауықтыру жиынына қатысам. Егер бәрі ойдағыдай болып жатса, спортта қалам. Болмаса спорттан кетіп,  мемлекеттік қызметте елге өз пайдамды тигізем. Ал кәсіпқой боксқа ауысу не жаттықтырушы болу туралы ешқандай жоспарым жоқ», - деді оқушылар сұрақтарына берген  кезде  С. Сәпиев. Бастапқыда баскетбол, шахмат, дойбы үйірмелеріне қатысып, бокспен 11 жастан кейін ғана айналысқан ол алғашқы үлкен жеңіске Абай қаласында қол жеткізген болатын. Әлемнің техникасы жағынан ең үздік былғары қолғап шеберіне берілетін  Баркер кубогы иегерінің айтуынша,  үлкен спорт туралы 17 жасында ел чемпионы атанған соң ғана шындап ойлана бастаған көрінеді. Ерінбей еңбек ететін болса, спортта да зор жетістікке қол жеткізуге болатынына көзі айқын жеткен соң, алдына үлкен мақсат қойған. 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында ширек финалда сүрінген кезде оның жігерін жанып, кеудесіне үміт отын қайта тұтатқан Елбасы Нұлсұлтан Назарбаев болған. «Мені ХХІХ жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерімен бірге қабылдап, зор сенім білдірді. Сондықтан Лондондағы бұл Олимпиадаға ерекше дайындықпен келдім. Бүкіл ел үміт артып отырған соң, жауапкершілікті айқын сезініп, сенімнен шығуға барлық күш-жігерімді жұмсадым. Қарсыластарымды жеңетініме сенімім де жеткілікті болды», - дейді Серік Сәпиев.