Каспий ахуалы: Баку сарапшылары не дейді
АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай Ынтымақтастық ұйымы саммитінің «ШЫҰ плюс» форматында сөйлеген сөзінде Каспидің ахуалы экологиялық апатқа ұласуы мүмкін екенін айтқан еді. Kazinform тілшісі алып көлдің арғы бетіндегі Әзербайжан сарапшыларымен осы тақырыпты талқылап көрді.
Әзербайжан экология және табиғи ресурстар министрлігінің жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі, эколог Ровшан Аббасов Каспий суының тартылуына кейінгі жылдары Еділ, Жайық, Кура өзендерінің бассейнін адам тіршілігіне пайдаланудың мөлшері шектен тыс артқаны себеп болды деп есептейді.
«Еділдің бойында ғана жиынтық алаңы 30 шаршы шақырым болатын 800-ден астам су қоймасы бар. Булану мен құмға сіңу салдарынан су азайып жатыр. Каспиге құятын басқа өзендер де осындай ахуал бар. Бірақ Еділдегі процестің ауқымы тым орасан. Өзендерден суды шамадан тыс бұрып әкету Каспиге құятын ылғалдың мөлшерін азайтып, көл тартылып жатыр, - дейді сарапшы.
«Орнықты даму» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, биология ғылымдарының докторы Фикрет Джафаров та Каспий суының тартылуы экономикалық зардаптарға әкелетінін болжап отыр.
- Бұдан қазірдің өзінде экономикалар зардап шегіп жатыр. Теңіздегі мұнай өндіру инфрақұрылымы жаңа жағдайға бейімделіп, қайта жарақтандырылуы керек. Су табанымен тартылған мұнай құбырлары, өндіріске деп салынған тағандар бұрынғыдай қауіпсіз бола алмайды. Тіпті кемелер де бұрынғыдай еркін жүзе алмайтын жағдай жақындап келеді. Әзербайжанның порттарына баратын арналардың бәрін тереңдету, жаңа айлақтар салу қажеттігі туындап отыр. Апшерон, Ялам, Ленкорань-Астарин туристік аймақтары көл суының жағадан 2-3 шақырымға алыстап кетуіне байланысты қиындықтарға тап болып жатыр. Судың азаюы ондағы балықтардың азық қорын азайтып кетті, - дейді ол.
Айтуынша, Каспий суының тұздануы көлдің экожүйесін өзгертіп барады.
- Тек Каспий мен оның алабында ғана кездесетін балықтар мен өсімдіктердің жойылып кету қаупі бар. Еділден құятын улы қалдықтың кесірінен Солтүстік Каспий қатты ластанып жатыр. Бұл лас ағын бүкіл көлге жайылып отыр, - дейді ғалым.
Бәрінің айтатыны – Каспиді жағалай қонған мемлекеттердің бәрі бұл проблеманы бірлесіп қана еңсере алады.
- Каспий жағалауындағы елдердің бәрі суді үнемді пайдалану жөнінде ортақ міндеттемелер қабылдау керек. Әзербайжан өз тарапынан Каспий бассейнінен алынатын су көлемін азайту шараларын әзірледі, - дейді Ровшан Аббасов.
Ал Фикрет Джафаров Каспий прооблемасын шешуге заманауи технологияларды қолдану тиімді деген пайым айтты.
- Біз ауадан тұщы су алудың, совет заманында бетонмен өрілмей қазылған ірі магистраль арналарды бетондап шығу сияқты жобаларды пысықтап жатырмыз. Ескі тәсілдің кесірінен 40 пайыз су ауға буланып, құмға сіңіп жатыр. Иранмен, Түркиямен, Грузиямен суды тиімді тұтыну жөніндегі бірлескен әрекеттер тиімді технологияларды енгізуге мүмкіндік ашып отыр, - дейді биолог.
Айта кетейік, Президент Үкіметтің Каспийді сақтау туралы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуі керек екенін айтты.