Каспий Қазақстан мен Әзірбайжанды біріктіріп отыр - Елші Серік Пірімбетов
БАКУ. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Арнұр Мұхаметкәрім/ - Қазақстанның Әзірбайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Серік Пірімбетов кеше бірқатар қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарынан сұхбат берді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қазақстандық дипломат Әзірбайжандағы Елшіліктің жұмысы туралы егжей-тегжей әңгімелеп берді, Қазақстан-Әзірбайжан қарым-қатынастарын дамыту мәселелері мен екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың жекелеген мәселелеріне тоқталды. Сұхбатының басында С.Пірімбетов журналистерді Әзірбайжанның тәуелсіз республика ретінде қалыптасу тарихымен таныстырып өтті. Атап айтқанда елді 1993 жылы саяси дағдарыстан алып шығудағы Г.Әлиевтің рөлі мен «Ғасыр келісімшартына» қол қойылған соң жүзеге асырылып жатқан «Баку-Тбилиси-Жейһан» жобасының арқасында елдің одан кейінгі даму жолы туралы әңгімелеп берді. Елші сонымен бірге соңғы жылдары артып отырған екі елдің арасындағы тауар айналымы туралы да айтып өтті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта бұл экономикалық көрсеткіш 465 миллион АҚШ долларын құрап отыр, бұл сома соңғы бес жылда 2,5 есеге артып отыр. Осы контексте дипломат екіжақты ынтымақтастықтың экономикалық сипаттарына тоқталып өтті. Оның пікірінше, мұнай мен одан жасалатын өнімдерге негізделген экспорттық-импорттық операциялармен шектеліп қалмай, екіжақты ынтымақтастықты әрі қарай дамыта түсу керек. Сұхбат барысында сөз болған негізгі мәселелердің бірі - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың наурыздың 6-сында жария етілген Жолдауының негізгі мәселелерін әзірбайжан қауымына жеткізу бойынша Елшілік атқарып жатқан жұмыстар болды. С.Пірімбетов өз сөзінде атап көрсеткендей, Елбасының Қазақстан халқына жасаған биылғы Жолдауы, «Российская газета» басылымында жарияланған «Дағдарыс кілті» мақаласы және ІІ Астана Экономикалық форумында сөйлеген сөзі Әзірбайжанның үкіметтік және сарапшылар топтарының арасында оң баға алып отыр. Елші сондай-ақ, ЕурАзЭҚ кеңістігінде аймақтық валюта - «еураз» валютасын жасау туралы Мемлекет басшысының идеясын Лондонда өткелі отырған G-20 саммитінің алдына қою туралы ұсынысы өзге де аймақтық ықпалдастық құрылымдарға үлгі болатынын айтты. Сұхбат барысында Елші сондай-ақ аймақтың ең өзекті проблемаларының бірі - КСРО ыдырағалы бері күн тәртібінен түспей отырған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау мәселесіне тоқталды. Каспий жағалауындағы үш ел - Ресей, Қазақстан және Әзірбайжанның теңіз акваториясын әрі қарай пайдалану мәселесін аталмыш мемлекеттер өзара шешкенін айтып өтті. Елшінің айтуынша, Каспий жағалауы елдері теңіздің құқықтық мәртебесінің түрлі аспектілері бойынша өз елдерінің ұстанымдарын жариялай отырып, Құқықтық мәртебе туралы конвенция жобасының мәтінін келісуді аяқтауға ортақ мүдделіліктерін білдіріп отыр. «Осыған байланысты бес елдің арасында Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция жобасын тезірек келісу үшін келіссөзді жалғастыру қажеттілігі байқалуда», деп атап өтті С.Пірімбетов. Елшінің пікірінше, түркілік тамыры ортақекі бауырлас елдің арасында орналасқан Каспий теңізі Қазақстан мен Әзірбайжанды бөліп отырған жоқ, керісінше біріктіріп отыр.