Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Каспий құбыр консорциумы танкерлерге тағы дрон шабуылдары жасалғанын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM – Каспий құбыр консорциумы 30 шілдеге қараған түні екі танкерге тағы шабуыл жасалғанын хабарлады. Осыдан кейін мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылды.

Каспий құбыр консорциумы танкерлерге тағы дрон шабуылдары жасалғанын мәлімдеді
Фото: КҚК

– 2026 жылғы 30 шілдеде Мәскеу уақытымен сағат 01:48-де Маршалл аралдарының туымен жүзетін «NIFFOS SIFNOS» танкеріне шабуыл жасалды. Сол сәтте Каспий құбыр консорциумының ВПУ-3 айлақ құрылғысында «Теңізшевройл» ЖШС («Chevron» компаниясы) мұнайы тиеліп жатқан болатын. Ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылы салдарынан танкердің жүк палубасындағы мұнай қабылдау торабы маңынан өрт шықты. Өртті танкер экипажы мен КҚК-ның үш қосалқы кемесі сөндірді, – деп хабарлады КҚК.

КҚК мәліметінше, консорциум қызметкерлері мен мердігер ұйымдардың жұмысшылары зардап шекпеген. Мұнайдың төгілуіне жол берілмеді. Танкер экипажына медициналық көмек те, эвакуация да қажет болмаған. Кеме су бетінде қалды, қазір оның қаншалықты зақымданғаны анықталып жатыр. Мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылғанымен, мұнай құбыры жүйесі қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

– Сонымен бірге, КҚК теңіз терминалынан 6 теңіз милі қашықтықтағы аумақтық суларда терминалға мұнай тиеуге бет алған Мэн аралының туымен жүзетін «MARATHI» танкеріне де шабуыл жасалды, – деп мәлімдеді консорциумның баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек, 19 шілдеде Қазақстан мұнайын тасымалдайтын екі танкерге дрон  шабуылдады.

Соның салдарынан мұнай тиеу операциялары уақытша тоқтатылды.