Каспий құбыр консорциумы терминалындағы танкерге тағы дрон шабуыл жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалында болған оқиғаға қатысты ақпарат таратты.
Ведомство мәліметінше, 19 шілдеден 20 шілдеге қараған түні КҚК теңіз терминалында мұнай тиеу жұмыстарын жүргізіп жатқан NELSA танкеріне ұшқышсыз ұшу аппараты шабуыл жасаған.
Шабуыл салдарынан кемеде өрт шыққан. Алайда төтенше жағдай жедел түрде ауыздықталып, толық сөндірілген.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға кезінде зардап шеккендер жоқ. Сондай-ақ мұнайдың теңізге төгілуіне жол берілмеген.
— Қазіргі уақытта кеменің техникалық жай-күйі мен оқиғаның салдарына бағалау жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.
Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумымен тұрақты байланыста екенін мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мұнайы тиелген екі танкерге дрон шабуыл жасағанын хабарлағанбыз.
ҚР Сыртқы істер министрлігі 17 және 19 шілдеде Қара теңіз акваториясында Каспий құбыр консорциумының (КҚК) инфрақұрылымы арқылы мұнай тасымалдаған азаматтық кемелерге ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жасалған шабуылдарды қатаң айыптаған еді.