Каспий құбыр консорциумы желісімен мұнай тасымалдау неге тоқтатылған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Каспий құбыр консорциумының иелігіндегі Теңіз-Новороссийск мұнай құбырының жұмысы 12 сағатқа тоқтатылды. Компанияның баспасөз қызметі бұл жоспарланған іс-шара екенін хабарлады.

Каспий құбыр консорциумының Телеграм арнасында бүгін тараған ақпаратқа сүйенсек, 9 шілдеде жоспарланған іс-шара кезінде магистральдық шарлы крандарға, энергетикалық, механикалық құрылғыларға, бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика, байланыс жабдықтарына техникалық қызмет көрсету орындалған.
– Мұндай жоспарлы тоқтату тұрақты түрде жүргізіледі. Осы кезеңде сорғы станциялары мен мұнай құбыры жабдықтарында тоқтатылған кезде орындалатын жұмыстар жүргізіледі. Атырау облысында 2 шарлы кран ауыстырылды. Тағы 2-еуіне жөндеу жүргізіліп, 5-еуінің герметикасы тексерілді, - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Ал Ресейдегі Астрахан облысы мен Қалмақстан Республикасында тазалау және диагностика құралдарын іске қосу-қабылдау торабындағы, 2 дренаждық шарлы кранның жетегі ауыстырылды. Үш магистральдық шарлы кранның герметикасы тексерілген.
Сондай-ақ, Ставрополь және Краснодар өлкесіндегі желілік бөлігінде үш жөндеу конструкциясы орнатылған. Тығын арматурасының ескірген үш электр жетегі ауыстырылып, магистральдық шарлы крандардың герметикасына тексеру жүргізілген.
– КТК барлық жүк жөнелтушіге магистральдық мұнай құбырының жоспарлы тоқтау мерзімін алдын ала хабарлайды. Бұл ақпаратты Қазақстан Энергетика министрлігі Теңіз-Новороссийск мұнай құбырымен бір жылға мұнай тасымалдау кестесін қалыптастыру кезінде ескереді. Осылайша, барлық қатысушының мұнай өндіру және КТК құбырымен тасымалдау жұмысының жоспары қамтамасыз етіледі, - деп мәлім етті компанияның баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Қазақстан мен Әзербайжан Еуропаға мұнай жеткізуде басты рөл атқаратыны туралы ОПЕК есебі хабарланған болатын.