Каспий құбыр желісіне жасалған шабуылға қатысты жағымсыз пікір айтқандар тергеліп жатыр — Бас прокурор

АСТАНА. KAZINFORM — Каспий құбыр желісіне жасалған шабуылға қатысты жағымсыз пікір айтқандарды тергеп-тексеру жүріп жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Бас прокурор Берік Асыловтың жауабында айтылған. 

Каспий құбыр желісіне жасалған шабуылға қатысты жағымсыз пікір айтқандар тергеліп жатыр — Бас прокурор
Фото: ҚР Бас прокуратураның баспасөз қызметі

— 2025 жылғы 17 желтоқсанда Астана қалалық полиция департаменті Каспий құбыр желісі консорциумына залал келтіруілуіне байланысты азаматтардың жағымсыз пікірлер айту фактілері бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 174-бабы 1-бөлігі (ұлттық алауыздықты қоздыру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастағанын хабарлаймыз. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында бұл адамдарды анықтау жəне олардың кінəсін растайтын дəлелдемелерді жинау бойынша тиісті шаралар жүргізіліп жатыр. Нəтижесі бойынша олардың əрекеттері түпкілікті сараланып, процестік шешім қабылданады, — деді Бас прокурор жауабында.

Оның атап өтуінше, Бас прокуратура масс-медиада заңсыз контенті бар жалған ақпарат пен басқа да жарияланымдарды таратуға жол берілмейтіні, сондай-ақ мұндай əрекеттер үшін қылмыстық жəне əкімшілік жауаптылық көзделетіні туралы ескертетін баспасөз хабарламасын жариялаған.

— Азаматтармен осындай түсіндіру жұмыстарын жергілікті прокурорлар тұрақты түрде жүргізіп келеді. Мəдениет жəне ақпарат министрлігі де өз тарапынан халық арасында масс-медиа арқылы, оның ішінде сіздер көтерген мəселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ол туралы сіздерге аталған ведомство ақпарат беретін болады, — деді Берік Асылов. 

Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында Бас прокурордың атына сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Берік Асыловтан Қазақстан үшін аса маңызды саналатын инфрақұрылымдық нысанға шабуыл жасауға жария түрде шақырған азаматтардың іс-әрекетіне құқықтық баға беруді сұраған еді.

Естеріңізге сала кетсек, 2025 жылдың қараша айында Ресейдің Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалына экипажсыз қайықтармен жасалған шабуыл салдарынан ВПУ-2 жүк тиеу-қабылдау құрылғысы зақымданды.

 

Соңғы жаңалықтар