Каспий теңізінде жасанды аралдар пайда болуы мүмкін

Қайық
Фото: Pyxabay.com

АТЫРАУ. KAZINFORM – Каспий теңізінің Әзербайжан Республикасының аумағындағы бөлігінде жасанды аралдар салынуы мүмкін. 

«Вестник Кавказа» порталының хабарлауынша, ел Парламенті Каспий теңізінде жасанды аумақтар құру туралы заң жобасын үшінші оқылымда мақұлдаған.

Заңға сәйкес жаңа аралдар құрылады. Тіпті, бұрыннан бар аумақтарды ұлғайту көзделетіні жоққа шығарылмайды.

«Әзербайжан Республикасы Каспий теңізінде жасанды жер телімдерін салуды жоспарлап отыр. Ел парламенті «Каспий теңізінің (көлдің) Әзербайжан Республикасына тиесілі бөлігінде жасанды жер телімдерін құру туралы» заң жобасын үшінші оқылымда қабылдады. Жасанды аумақтар жағалау белдеуін кеңейтуі немесе теңіздегі жеке аралдарға айналуы мүмкін», - деп жазды «Вестник Кавказа».

Каспий жағалауындағы бұл ел шамамен он жылдай бұрын «Хазар аралдары» жобасы бойынша жұмысты қолға алған. Алайда, аталған жоба тоқтап қалған. Бұл жоба сәтті жүзеге асырылса, туристерді қызықтыратын жаңа орынға айналуы мүмкін еді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан бірлесіп, Каспий түбімен кабель тартатыны хабарланған еді.

Соңғы жаңалықтар